Жарқын болашақ жемісі
"АгромашХолдинг KZ" үшін өткен жыл нәтижелі болды. Отандық нарық көлемінің 50%-і, еліміздегі жалғыз локализациялық орталықтың іске қосылуы, жаңа серіктестер және қосалқы бөлшектер жасау көлемінің артқанын осындай оң өзгеріске жатқызуға болады. Жыл бедерінде зауытта өндіріс көлемі 27%-ке артқан. Тракторлар өндірісі 34%-ке, ал комбайндар өндірісі 18%-ке өсті.
Соның ішінде еліміздің жеңісі мен жетістігі туралы айтпай кетсек, тарихқа қиянат болар еді. Иә, егемендігін алып, етек-жеңін жинаған отыз бір жылда Қазақстанның бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері аз емес. Экономика қарыштап дамыды. Халықтың әл-ауқаты артты. Қазақ елі төрткүл дүниенің түкпір-түкпірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, алыс-беріс көбейді. Осының бәрінің бастауында Қазақтың өрімдей жастарының көз жасы, құрыштай берік намысы тұрғаны сөзсіз. Сондықтан, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 желтоқсанды Тәуелсіздік құрбандарын еске алу күні деп бекер жариялаған жоқ. Олардың ерлікке толы істерін дәріптеу, ел Тәуелсіздігі жолында шейіт болған өрімдей жастардың рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың абзал борышы. Біз оны ешқашан тарих бетінен сызып тастай алмаймыз.
Әрине, жетістік те өздігінен келе салды деу әбестік болар еді. Бұл жолда талай тер төгілді. Елді дамыту шараларына әр өңір өзінше үлес қосты. Соның ішінде біздің облыстың қосқан үлесі қомақты. Астықты өңір мемлекетке миллиондаған тонна сапалы өнім беріп қана қоймай, төрт түліктің санын арттырып, тау-кен өндірісін, өнеркәсіп өнімдерін қайта өңдеу салаларына жан бітірді. Әсіресе, өтіп бара жатқан жыл Тобыл-Торғай өңірі үшін табысты жыл болғанын айта кеткен жөн. Облыс кейбір сала бойынша республикада жетекші орынға ие болды. Мәселен, бұрнағы жылы Қостанай ұн өндіру бойынша бірінші орынға, сары май, сүт және қоюландырылған кілегей және сүт ұнтақтары жөнінен екінші орынға көте-рілсе, йогурт, сүт және ашытылған кілегей, макарон өнімдерін өндіру бойынша үшінші орынды еншіледі. Басқа салада да едәуір ілгерілеу байқалады. Әсіресе, ірі инвестициялық жобалар Қостанайдың мақтанышына айналған. Бүгінде біздің өңірде 160-тан астам компания жұмыс істейді. Ал облыс бойынша олардың саны мыңнан асады. Олардың құрылтайшылары – негізінен Ресей, Украина, Белоруссия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Армения тәрізді басқа мемлекеттердің азаматтары. Сондай-ақ, Түркия, Қытай, Франция, Кипр, Ауғанстаннан келген бизнес өкілдері де бар. Осының ішінде қос қапталдағы көрші мемлекеттер – Ресей мен Қытайдың үлес салмағы басым. Мәселен, Қытайдың "China National Vehicle Import & Export Corporation" компаниясы автомобильдерді импорттаумен, экспорттаумен айналысады. "СарыарқаАвтоПромның" се-німді серіктесі. Соңғы жылдары облыс-та машина жасау секторының өсу қарқыны айтарлықтай артты. Мұнда негізгі рөлді "СарыАрқаАвтопром" кәсіпорны атқарады. Оның базасында жыл сайын өндіріс көлемі өсіп, жұмыс орындары ұлғайды. Өткен жылы кәсіпорынның конвейерінен 60 мың автокөлік шыққан. Көбінесе өсім "СарыарқаАвтоПром" инвестициялық жобаларын жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда іске қосылған "Chevrolet", "KIA", "LADA" және "JAC" автомобильдері өмірге жолдама алды. Кәсіпорынның одан әрі даму кезеңі өндірістің локализациясын тереңдетуден тұрады. Биыл "СарыарқаАвтоПром" ЖШС "Lada Granta" және "KIA Sportagе" автомобильдерін ұсақ торапты әдіспен өндіруді жолға қоюды жоспарлап отыр.
"China National Vehicle Import & Export Corporation" компаниясы "СарыарқаАвтоПром" зауытының өндірістік инфрақұрылымына инвестицияларды ұлғайту, сондай-ақ жаңа брендтерді тарту жобасына қатыспақ ниетті. Оның жыл сайынғы инвестиция көлемі – 40 млн теңге. Соның арқасында 2025 жылға қарай кәсіпорын жылына 125 мың автокөлік шығаратын болады. Серіктестіктің одан әрі дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағ-дайына, оның ішінде жаңа жұмыс орындарын құруға тікелей әсер етеді.
Тағы бір ауқымды жоба – "KamLitKZ" ЖШС-і Қостанайдағы индустриялық аймақ аумағында шойын құю зауытының, сондай-ақ жүк техникасына арналған бөлшектер шығаратын зауыттың құрылысын салып жатыр. Шойын құю зауыты 2023 жылы пайдалануға берілмек. Ал екінші кәсіпорын 2024 жылы ел игілігіне айналады. Бұл жерде жүк көліктері жетекші көпірінің арқалығын өндіруді тереңдетуге бағытталған үшінші жобаны іске асыру жоспарланған. Жобаның арқасында ел аумағында аталған өнімнің өндірісін оқшаулау деңгейі 70%-ке ұлғаяды. Жалпы, "KamLitKZ" ЖШС жобаларына салынған инвестициялардың көлемі шамамен 300 млрд теңгеге жетті. Мамандар алдағы уақытта шамамен 1330 жұмыс орны ашылады деп отыр. Атап айтқанда, "KamLitKZ" ЖШС, "МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты" ЖШС және "TEHNOPARK KZ" ЖШС сияқты кәсіп-орындардың машина жасау саласындағы жобалары қолға алынады. Тың жобалар жүзеге асқанда өңірге шамамен 350 млрд теңге инвестиция тартылып, 1,4 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, Лисаков қаласында кремний карбидін өндіретін зауыт салу жоспарланған. Құны 26 млрд теңгеден асатын "QEMKO" ЖШС-інде шамамен 230 жұмыс орнын ашу көзделген.
Биыл облыс орталығында салынып жатқан екі зауытта қосымша тағы екі жобаны жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізілді. Жоба аясында жылына 90 мыңға тарта өнім шығарылады. Төртінші жоба – "КАМАЗ" компаниясымен ынтымақтаса отырып, көлік-логистикалық қызметтерді дамытуға бағытталған. Өткен жылы облыстың машина жасау кластерінің өнімдерін тасымалдаумен айналысатын "AUTOCARGO KZ" компаниясы құрылды. 2023 жылға қарай компанияның автопаркінде 250 техника болады, ал 2025 жылға қарай 1,5 мың жүк автомобиліне дейін ұлғайту жоспарланған. Болашақта "AUTOCARGOKZ" елімізде көлік-логистикалық қызмет көрсететін ірі компания атанбақ. Бүгінде ресейлік серіктестермен тығыз ынтымақтастықта болашақ зауыттар үшін кадрлар дайындалып жатыр. Өйткені, өнімнің сапасын жақсарту және бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін кәсіпорынға жоғары білікті мамандар қажет. Осы қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жергілікті оқу орындары белсенді жұмысты қолға алған. Мәселен, Қостанай автомобиль көлігі колледжі "КАМАЗ" компаниясы үшін кадрлар даярлаудың өзегіне айналған. Серіктестік қарым-қатынастың арқасында оқу орны жабдықтар, зерт-ханалар мен құралдар түріндегі техникалық базаны нығайтуды көздейді.
Айта кету керек, зауыт өнім ассортиментін айтарлықтай кеңейткен. Сапалық жағынан да, сандық жағынан да өсім бар. Егер 2020 жылы кәсіпорын 393 трактор және 344 комбайн шығарса, 2021 жылы 530 трактор және 406 комбайн құрастырылды. Тағы бір маңызды жайт, "АгромашХолдинг KZ" өнімдері қазір бүкіл Қазақстан нарығының 50%-ін алып жатыр. Статистика мен тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын отандық техникаға деген сұраныс айтарлықтай өсіп келеді. Бұған, ең алдымен, шетелдік өнімдерге айтарлықтай бәсекелестік туғызатын тракторлар мен комбайндарды жаңғырту айтарлықтай әсер етті. Мұнда сапа, қызмет көрсету, ұлғайтылған қуат және екі жылдық кепілдіктен басқа, қолжетімді баға саясаты да маңызды рөл атқарады. Сондықтан, бүгінде елімізде жаңадан сатып алынған төрт комбайнның немесе трактордың үшеуі – қазақстандық өнім.
Мұның бәрі Тәуелсіз елдегі тәуменді шаралардың бір парасы ғана. Келер жылы астықты облыста ауқымды жобалар қолға алынатынына шүбә жоқ.
Әлібек ЫБЫРАЙ