Кезекті көлік тіркелді
Өзге елден көлік әкелген қостанайлықтар темір тұлпарларын тіркеп жатыр. Бүгінде шетелдік нөмірлі көлігі бар 420-дан астам автокөлік тізгіндеген азамат мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында уақытша тіркеу бойынша кеңес алды. 6 көлік уақытша есепке қойылды. Оның біреуі Армениядан, қалғаны Ресейден әкелінген.

Армениялық нөмірмен жүрген көлік иелерінің бірі – Зураб Дегоян. «Мерседес» маркілі көлігін осыдан бір жыл бұрын сатып алған еді. Қазақстанда шет елден әкелінген машиналарды тіркеруге қатысты заң қабылданғанда қарсылық білдірмегенін айтады. Мемлекеттік нөмір алу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп отыр. Темір тұлпарын тұрақты есеп қою үшін оған шамамаен 3,5 млн теңгеге шығындалуға тура келеді.

-Көліктерді тіркеу жөнінде шешім шықты. Заң бәріне ортақ. Оған бағыну керек. Мен елде қабылданған заңдарға қарсы шыға алмаймын. Бәрінің тиісті талаптарға сай болғанын қалаймы, – дейді көлік иесі Зураб Дегоян.
Ал Николай Цыбускин нарықта үлкен сұранысқа ие Тойота лэндкрузер прадо автокөлігін бүгін уақытша тіркеуге қойды. Қымбат темір тұлпарды былтыр Ресейден сатып алыпты. Бүгін ресейлік нөмірді сары нөмірге ауыстырды.

-Есепке қою шараларының заң жүзінде болғаны дұрыс. Бұл түрлі қателіктерді азайтады. Сондықтан осы бастаманы қолдаймын, – дейді Николай Цыбускин.
Шетелдік нөмірлі көліктерді есепке қою үшін шығын көлемін қалтасы көтермейтіндер оларды алған елдеріне кері қайтармақ. Алмат Нұрғазин 2011 жылы шығарылған тойота камри көлігін Армениядан 3 млн теңгеге сатып алды. Машинасын Қазақстанда тұрақты есепке қою үшін оған шамамен осындай көлемде қаржы керек.
-Сатып алған машинам өзіме қымбатқа түсейін деп тұр. Сондықтан Арменияға кері қайтарып, осы жақта өткізбек ойым бар. Қазір қолайлы ауа райын күтіп отырмыз. Сосын жолға шығамыз. Еш қиындықтар жоқ. Бәрін заң талаптарына сай орындау үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келіп кеңес алып жатырмын. Мамандар қандай құжаттар жинау керек бәрін түсіндірді, – дейді Алмат Нұрғазин.
Мұнда Әкімшілік полиция басқармасы мен облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері күніне ондаған адамды қабылдап, өзге елдің есебінде тұрған темір тұлпарларды тіркеу тәртібін барынша түсіндіріп жатыр.

-Бүгінде 420 автокөлік иесі уақытша тіркеу бойынша кеңес алды. Оның ішінде 352 – сі Ресей федерациясының, 62 көлік иесі Армения Республикасының 3 – уі Белорусь және Қырғыстан Республикасының автокөліктерін тіркеу бойынша сұрақтарына жауап алды, – дейді облыстық полиция департаментінің аға инспекторы Райымбек Мұқашев.
Соңғы уақытта Қостанайда 6 адам шетелдік нөмірі бар көлігін рәсімдеген. Оның біреуі – Армениядан, бесеуі – Ресейден әкелінген көліктер.
Шұға АҢСАҒАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ