Қоғамдық келісім – ел дамуының кепілі
Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы биылдыққа жиырма өңірді аралап, халықпен кездесіп, бұқараның мұң-мұқтажын тыңдады. Дәстүрге айналған қайырымдылық ісшараларын да қалыс қалған жоқ. «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Аналар кеңесі» атқарған ауқымды жұмыстардың қорытындысы республикалық лекторийде айтылған болатын.
Жиынға республикалық деңгейдегі білікті мамандар, Астана мен Алматы қалаларынан келген меймандар қатысты. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Ісшараның модераторы облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов Ассамблеяның бір жылдық жұмысына қысқаша шолу жасады.
Облыстық Ассамблея биылғы жылдың қорытындысы бойынша мың жарымнан астам ісшара өткізді. Ұлттық бірегейлікті сақтау жолында жасалған жұмыстардың нәтижесінде этносаралық қақтығыстар туындаған жоқ. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі,деді Абылайхан Кәкенов.
Алматылық спикер Нұркен Айтымбетов философия, саясаттану және дінтану институтында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің нәтижесі туралы баяндама жасады.
Біздің институтта үш жоба жүзеге асады. Соның бірі менің жобам. Жастарға арналған жоба заманауи цифрлық технологиялардың қазақстандық жастардың дүниетанымына, сана-сезіміне қалай әсер ететіні туралы. Ғылыми зерттеу жұмысының шеңберінде былтыр және биыл еліміздің оңтүстігінде талдау жасадық. Аталған жұмыстың басықасында болдым. Этносаралық қақтығыстар, наразылықтар орын алған жерлерге арнайы барып, халықты ойландыратын, тоғандыратын мәселелерді өз құлағымызбен естіп, таныстық. Соның нәтижесінде арнайы ұсыныстар жасалды. Талдаулардың нәтижесі жинақ болып басылып, тиісті органдарға жіберілді.
Мемлекеттің дамуында этносаралық тұрақтылық пен өзара келісім өте маңызды қызмет атқарады. Сол тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін біз жер жерлерді аралап, түрлі этнос өкілдерімен жүздесіп, олардың мәселелерімен танысып, мониторинг жасап отырамыз. Мұның бәрі болғалы отырған қақтығыстардың дер кезінде алдын алуға көмектеседі,деді философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нұркен Айтымбетов.
Биылғы жылғы зерттеулердің қорытындысы елдегі этносаралық қарым қатынастың тұрақталғанын көрсетеді. Десек те, Қазақстан қоғамына жағымсыз әсер ететін факторлар да баршылық. Оларға әлеуметтік экономикалық, құқықтық және мәдени, білім факторлары жатады. Қандастарымыздың күнделікті тұрмыста баспана мәселесінен бастап тіл мәселесінде түсініспеушіліктер туындайтынын айтқан. Талдаулар нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ауылаймақтарда кеңінен жандандырып, этномәдени бірлестіктер туралы ақпараттандыру жұмысын күшейтуге күш салу қажет деген ұсыныстар айтылды.
Қандастар мәселесін біздің өңір де қолға алып отыр. Бүгінгі таңда Рудный қаласында, Бейімбет Майлин атындағы ауданда және Жітіқарада қандастарымыз тұрады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елге қоныс аударған қандастарымыздың көбісі әлі күнге ортаға бейімделе алмай жүргенін байқаймыз. Бұл мәселені қалай шешуге болады?,деп сауал жолдады Абылайхан Кәкенов.
Бұл сауалға алматылық мейман Нұркен Ысқақұлы былай жауап берді:
-1991 жылдан бастап көптеген қандасымыз елге орала бастады. Олармен тікелей жұмыс істейтін орталықтар мүлде жоқ немесе бар болса да олар тиісті деңгейде өз жұмыстарын атқармайды. Себебі, біз биыл Алматы қаласында шоғырланған қандастарымызбен сөйлестік. Олардың мәселесі шаш етектен. Қандастарымыздың Қазақстан қоғамына бейімделуіне мәдени факторлар әсер етеді екен. Олар мемлекеттік тілді меңгерген, орыс тілін білмейді. Әсіресе, құжат рәсімдеу жұмыстарында тіл мәселесінен қиындықтар туындайтынын айтты. Азаматтық алуда бюрократия, қағаз бастылық қол байлайтыны тағы бар. Үшінші мәселе, үкімет тарапынан заңды түрде он сотық жерді алу жағы қиын екенін айтты. Жергілікті әкімшілік қандастарымызбен кездесіп, олардың мұңмұқтажын тыңдаса аталған мәселелер шешілер еді. Нәтижесінде қандастарымыздың Қазақстан қоғамына бейімделуі жеделдей түседі.
Бұдан бөлек, Қазақстан ұйғырларының республикалық бірлестігінің төрағасы Әкімжан Арупов, «Deutsche Allgemeine Zeitung» неміс газетінің бас редакторы Олеся Клименко, Astana IT University профессоры Нұрбек Шаяхмет баяндама жасады.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.