Тәркіленді. Жойылды.

Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған маркалы 805 бөтелке көлемінде тәркіленген алкоголь өнімдерін жойды. Департамент қызметкерлері облыс аумағында сәйкестендіру құралдарын және есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану фактісі бойынша қызметтің жолын кескен болатын.
– Көтерме бөлшек сауда дүкендерінің қойма үй-жайларын тексеру барысында жалған есепке алу-бақылау маркалары бар алкоголь өнімдері анықталды. Ішімдік өнімдері тәркіленіп, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу тіркелді, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылды. Алкоголь өнімдеріне жалған есепке алу-бақылау маркаларын жапсыру ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабымен қудаланады, – деді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Сәбит Итбаев.
Спирттік өнімдерді жою процесіне редакциямыздың түсіру тобы да барған болатын. Алдымен департамент аумағындағы гаражда тәркілеуде жатқан жәшік-жәшік арақ-шарап көлікке тиеліп, Қостанай қаласының сыртындағы Солтүстік өнеркәсіп аймағында орналасқан ғимаратқа апарылды. Сол жерде утилизациялау фирмасының жұмысшылары шөлмектердің мойындарын бір-бірден сындырып немесе бұралмалы какпағы барларды ашып, бөшкелерге төкті. Бөшкедегі спирттік сұйықтық арнайы пеште өртелді. Ал бос бөтелкелер әйнек қабылдайтын арнайы орындарға тапсырылатын болады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓