Грант ұтып, кәсіп ашты

Бүгіндері жұмыс істеймін деген жандар үшін мүмкіндіктерге жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар көп. Ол талай жастың жігерін жанып, еңбекке деген құлшынысын арттырып отыр.
Әулиекөл ауданында да жеке ісін ашып, халыққа қызмет көрсетіп жүрген жастар баршылық. Жақында аудан орталығында жастардың сүйікті асына айналған тағам түрлері – чикен, пицца, самса дайындайтын «Фемили» шатханасы ашылды. Небәрі екі ай бұрын ғана тұтынушыларға есігін айқара ашқан дәмхананың тағамдарына деген сұраныс жоғары. Заман талабына сай кәсіптің көзін тапқан Екатерина Жаманова “Атамекен” кәсіпкерлік палатасына жүгініп, өзінің бизнес жоспарын сәтті қорғап, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, нәтижесінде өзі қолға алған кәсіпті бастаған көрінеді.
– Мамандығым – аспаз. Менің жасап жатқан тағамымды жастар ұнатады. Бұл істі бастамас бұрын чикен дайындайтын орында жұмыс істеп, үйреніп алдым. Содан кейін өзім үйде дайындадым. Тағамдарым жақсы өте бастады, ұдайы тапсырыс беретін тұрақты клиенттерім пайда болды. Осыдан кейін отбасыммен ақылдаса келе, жеке өз ісімді ашуды ойластырдым. Ол үшін қаражат керек. Елімізде жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында толып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бар екені белгілі. Ойласа келе бизнес-жоспар құрып «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына құжатымды тапсырдым. Алланың қалауымен жобамды сәтті қорғап, 1млн 225 мың теңге қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Сөйтіп, жеке кәсіпкер болып тіркелдім. Жалға орын іздеп, осы ғимаратты таңдадық. Алған қаражатқа тағам жасауға қажетті құрал-жабдықтар, ыдыс-аяқ сатып алдым. Осылайша, жұмысымызды бастап кеттік.  Жұбайым Данияр үнемі қасымда, қолдап  көмегін көрсетіп отырады. Екі көмекшім бар, олар екі ауысыммен жұмыс істейді, – дейді Е.Жаманова.
Екатерина Мәлікқызы басқарған аспаздар чикен (қытырлақ тауық), пицца, самса, бургер, бәліш тағамдарын дайындайды. Одан басқа торт, пирог, кекс, тәтті тоқаштар, лағман, палау, манты, қуырылған тұшпара (шикідей де), кебаб, кәуап, картоп фриі мен салаттар дайындайды. Шай, кофе, сусын-шырындар да  бар.
Жақында ғана ашылсақ та, тұтынушылар келіп тұрады. Алда клиенттер тіптен көптеп келеді деген үміттеміз. Күніне 25 адамнан тапсырыс аламыз. Балалардың туған күнін өткіземіз. Шатханамыз таңертеңгі 9.00-ден түнгі 22.00-ға дейін жұмыс істейді, демалыссыз қызмет көрсетеміз, – дейді жас кәсіпкер.
– Жанына жақын кәсіпті табыс көзіне айналдырған жеке кәсіпкер Екатерина Жаманованың жеке ісіне, әрине, сүйсінесің. Риза боласың және ісіне сәттілік тілейміз.  
 
Жұмакүл СЫЗДЫҚОВА,
Әулиекөл ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓