Торғайға мән беретін кез келді
Торғай өңірінің экономикалық-әлеуметтік дамуы біраз кенжелеп қалғаны жасырын емес. Ауыз су тапшылығынан, қатынастың қиындығынан кезінде көп адам өзге жаққа амалсыз қоныс аударды. Әлі күнге дейін Торғай өңірінде тұрақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жоқтың қасы. Ел мал бағып, егін егіп қана күнелтіп отыр. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов оңтүстік өңірлерді дамытудың маңыздылығын айтады. Көпшілікке белгілі, биыл Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Әзірге, аты аталған жоспар орталық мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.
-Мен бұл мәселені бірінші күннен бастап өз бақылауыма аламын. Мен Торғайды жақсы білемін. Ол жақ маған да жақын. Алдағы уақытта Үкімет басшысымен осы мәселені жан-жақты талқылайтын боламыз. Міндетті түрде біраз қаражат бөлінуі тиіс. Оңтүстік аудандардағы инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру, инвесторларды тарту кезек күттірмейтін мәселе. Жұмыс орындарын ашуымыз керек. Қалай болғанда да, Торғайды дамытуда өңірлерді кешенді жұмыстар атқарылатын болады. Оған сенімім зор,-дейді облыс басшысы.
Әлібек ЫБЫРАЙ