Аудан жастары ардақталды

Аудан орталығында  «Жастардың алтын кітабы» жобасының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.  
Кітапқа жаңадан он бір адамның  есімі қосылды. Лауреаттардың жалпы саны екі жүзден асқан. Бірегей кітапқа ауданның қоғамдық өмірінде өзін жақсы қырынан танытқан белсенді жастардың есімдері енгізілген. Биыл салтанатты шара он алтыншы рет өтті. Аудан әкімінің орынбасары Марат Әлмағамбетов аудан жастарының туған өлке тарихына өз есімдерін қалдыруға мүмкіндігі бар екенін еске салды. Кітаптан спорт, денсаулық сақтау, білім беру салалары өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлердің, журналистердің және тағы басқа салаларда ерекшеленген жастардың есімдерін табуға болады.
2022 жылғы лауреаттар қатарына Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің екі қызметкерінің есімдері енді, олар – Таңатқан Жүрсін мен Асан Әнуарбеков. Жігіттер аз уақыт ішінде аудан жұртшылығының көзайымына айналып үлгерген. Екі өнерпаз жігіт аудан сахнасында өнер көрсетіп қана қоймай, облыстық вокалдық байқауларда туған жерлерінің намысын қорғап жүр.
Аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында мәдениет үйінің қызметкерлері, музыканттар Айбек Балтабаев және Марк Забелин, режиссердің көмекшісі Ерхан Ибраев және хореограф Диана Әбжановалар да бар. Мәдениет үйінің ұжымы әріптестерін марапаттарымен құттықтады.
«Мен ауданымыздың мәдениет үйінде жұмыс атқарып келемін. Ән мектебінде жас буынға домбыра тарту үйірмесін ашып, сабақ өткіземін. Ал мәдениет үйінде аспаптық ансамбльдің музыкалық жетекшісімін,», -дейді биылғы лауреаттардың бірі Айбек Балтабаев.
 
Дильназ Ізтілеуова,
3-курс журналистика

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓