Жылқылар тебіндей алмай жүр
Биыл қыс қаһарына мінді. Қар қалың. Жел терісінен соғып тұр. Оның үстіне күздің күні толасыз жауған жаңбырдың ақыры қатқақ қарға айналған. Соның салдарынан даладағы жылқылар тебіндей алмай жүр.
Жақында «Сарыкөл» газетінің ұжымы Ленинград ауылдық округіне сапарлаған еді. Сонда жоғарыдағы жәйтқа куә болысты. Бұл маңда жылқы малы қар астынан азық таба алмай қиналып қалған. Соның кесірінен байғұс жануарларды ауылдықтар үйге ұстауға мәжбүр. Сондай-ақ, көк шыққанша дейін жем-шөптері жете ме деген сауал сабырларын тауыса бастады. Осы туралы бізге ленинградттық Асылхан Шаймерденов айтып берді.
-Қазір жұқарып кеткен азын-аулақ жылқымды үйде ұстап, жем-шөппен тамақтандырып жатырмын. Күніне 2-3 келі шөп, 1 келідей жем беремін. Себебі, көтерем малға көп беруге болмайды, өліп қалуы мүмкін. Жыл сайын жылқы малы далада жүретіндіктен биыл арнайы жем-шөп дайындаған жоқпыз. Енді, қара мал мен қойдан артылғанын беріп жатырмын. Оның өзі аз қалды. Әрі қарай не істейтінімді білмеймін, – дейді ауыл тұрғыны.
«Жұт жеті ағайынды» дейді қазақ. Бұл соның бір түрі болса керек. Ауылдықтардың айтуынша, дәл осындай оқиға 1998-ден 1999-ға қараған жылы орын алыпты. Енді, міне, араға он сегіз жыл салып қайталанып отыр. Бұл, әсіресе, жылқы баққан шаруаға жайсыздау тиді. Осыған қатысты өз ойын бақташы былайша білдірді:
-Ауыл жылқысын былтыр далада бағып шықтық. Бірақ, биыл қыс қатты болып тұр. Қар қалың… Малға кері әсерін тигізуде. Соның кесірінен көбісі жұқарып кетті. Байталдар құлын тастап, жабағы-тайлар шыдай алмай өліп жатыр. Бұдан әрі жылқылар далада жүре берсе, тебіндей алмағандықтан қырылып қалатын түрі бар. Сондықтан, бағып беремін деп алған ауылдықтардың малын өздеріне қайтарудамын. Олар да мені түсінуге тиіс, – дейді Е.Бурбаев.
Жалпы, Ерғазының қарамағында қыс түспей тұрып, 190 бас жылқы болған. Қайтарғаны, өлгені бар қазір 45 бастай қалды. Енді, осыны иелеріне жуық арада түгел таратуға тура келеді.
Руслан Әлкеев,
Сарыкөл ауданы.