Арендалық тұрғын үйлер құрылысы жанданбақ
Алдағы жылдары елімізде жалға берілетін үйлердің құрылысы қайта қолға алынады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуде сәтінде айтты.
Министр астықты аймаққа арнайы іссапармен келіп, халықтың мұңмұқтажын тыңдады. Кездесуде әкімдік кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту, ауылдарға сапалы ауыз су жеткізу мәселелері талқыланды.
Жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мәселесіне қайта ораламыз. Міндетті түрде. Арендалық тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру механизмі парламентте қаралып жатыр. Әсіресе, ауылдардағы инфрақұрылымды дамытуға баса мән беретін боламыз,деді министр Қ.Өскенбаев.
Денисов ауданы Приреченка ауылының тұрғыны, зейнеткер Ахметжан Апазов ауыз су тапшылығын айтты. Ауылдықтар суды сатып алып, тасып ішіп отыр. Индустрия министрі Қ.Өскенбаев аталған мәселенің алдағы уақытта шешілетінін жеткізді. 2024 жылы Приреченка халқы сапалы ауыз сумен қамтылмақ.