“Ештеңеден қорықпау керек”

Лисаковтық Әсел Ақан он бес жасында бизнес ашып, көпке танылды. Қазір Қостанай облысы Әйелдер күштері Альянсының жас мүшесі. Көп балалы аналарды қолдау мақсатында ұсынған жаңа жобасы қолдау тапты.
Алғашқы миллион
– Бала күнгі арманым тіс дәрігері болу еді. Бірақ бұл ойым соңғы сыныптарда өзгерді. Жоғары сыныпта оқып жүргенде, қасымдағы құрбыларымның кірпігін өсіріп, шаштарын қиып, бояп беретінмін. Ол кезде шаштараз салондары дәл қазіргідей түрлі қызметті ұсынбайтын. Сөйтіп, маған сұраныс көбейді. Бірте-бірте құрбыларымның араласатын қыздары, анамның бірге жұмыс істейтін әріптестері жазылып, үйдің бір бөлмесінде ашылған кәсібім дөңгеленіп жүре берді. Ол кезде интернет те, әлеуметтік желі де дәл бүгінгідей қолданыста емес еді. Тоғызыншы сыныптан бастап кәсіпкерлік ісімен айналыса бастадым. 18 жасымда жеке сұлулық салонымды аштым. Хоббиім кәсібіме айналды. 2010 жылы мемлекеттік сатып алу ісімен айналыса бастадым. Ең алғаш рет  миллион теңге табыс таптым. Оқуға түсіп, жақсы көретін жанға тұрмысқа шықтым. Бірінші курс оқып жүргенде тұңғыш қызымыз дүниеге келді, бірақ бизнеспен айналысып жүрдім. Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында заңгерлік мамандығы бойынша қосымша жоғары білім алдым. Кейін жеке дүкенімді аштым. Басқа өңірлерге тоқыма, ыдыс, тұрмысқа және күнделікті тамақтануға қажетті заттарды жеткізіп отырдым. Тіпті Мәскеу мейрамханаларынан тапсырыс түсіп жатты. Сауда-саттық жақсы жүрді. Дамып, басқа деңгейде ақша табуды үйрене бастадым. Қазір жас кәсіпкерлерді қалай дұрыс рәсімдеу, қаражатты тиімді жұмсау, бизнесті неден бастау, қалай жүргізу керектігін үйретемін. Кейс дайындаймын. Менің инстаграмда жеке парақшам бар. Соған хабарласып жатады. Бірде лисаковтық мұғалім маған хабарласып, бала күтімімен үйде отырған соң өзінің бір іспен шұғылданғысы келетінін айтты. Мен оған көмектесіп, ол жеке студиясын ашты. 
Бірде үйіме жөндеу жасамақ болдым, бірақ маған олардың істеген қызметі ұнамады. Осындай тұрмысқа қажетті үй қызметшісі, үтіктеуші мамандарды тауып берумен айналысатын қызмет түрін аштым. Бізде бұл қызмет түрі дамымаған.
 
«Өзгенің өзгергенін көру – бақыт»
– Менің анам өте қайырымды. Біреуге көмектескісі келіп тұрады. Бұл қасиет маған анамнан берілген тәрізді. 2018 жылы Қостанай облысы Әйелдер күштері альянсы құрылған кезде мені осы ұйымға жастар қанатының орынбасары етіп сайлады. Әрі үйлестіру кеңесінің мүшесі болдым. Ойланып жүріп, көп балалы аналарды әлеуметтік өмірге бейімдеу жобасын құрдым. Олардың біразымен жолықтым. Қандай мәселелер толғандыратынын білдім. Сөздің шыны керек, көңілдеріне келмесін, көбі өз құқықтарын білмейді, тәуелді болып қалғандары мені қынжылтады. Осы жоба бойынша өзіміздің заңгер, қаржылай кеңесшіміз бар. Олар бәріне бағыт береді. Түрлі тұрмыстық сұрақтарға жауап береді. Бізге жақында көп балалы бір ана көмек сұрап келді. Нәтижесі жоқ емес. Оның үлкен қызы грантпен оқуға түсті. Кенже қызын балабақшаға орналастырдық. Өзіне жұмыс тауып беріп, оның отбасылық кірісін үш есеге көбейттік. Ол қосымша тағы бір мамандыққа оқып жүр. Қомақты қарызын жабуға көмектесіп, борышкерлер тізімінен шығардық. Енді бір мәселесі қалды, ол – баспана алуға көмектесу. Көп балалы ана ретінде оған арендалық тұрғын үй немесе кезекпен пәтер алуға көмектесетін боламыз. Мұндай кейіпкерлерді өзіміз таңдаймыз. Өйткені бұл келіншек өмірін өзгертуге дайын болды. Алдағы уақытта бұл жобаны аудан-қалаларда жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Республика бойынша алып шыққымыз келеді. 
Қиындығы сол, әйелдің жан-тәнін түсініп, оның өміріне ену оңай емес. Ең бастысы, әйел көзінен бақыттың ұшқынын, өзгергенін көріп, өзіміз де қуанып жатамыз. Мақсатымыз – әлі де көптеген аналардың мәселесін шешу. Қосылып бір реттік ақша жинап беру емес, олардың өмірін де түбегейлі жақсы жағынан өзгерту.
 
Блиц САУАЛ:
 
– Қандай жағдайларда еріксіз көзіңізге жас келеді?
– Көз жасы… Мен туғанымды жоғалтып алудан қатты қорқамын. Әлі есімде, 9-сыныпта оқып жүргенімде анам алғаш рет инсульт алып, сал боп қалды. Мен сол кезде жалғыз қалудың не екенін түсіндім. Менің сенетін ешкімім болмағандықтан, маған қайратты, тәуелсіз болуға тура келді.
– Демалыс күндерінде оқуға немесе тамашалауға қандай кітап немесе фильмді айтар едіңіз? Не себепті?
– Көбіне көркем әдебиетті көп оқимын. Ілияс Есенберлин мен Шыңғыс Айтматовтың туындыларын оқығанды жақсы көремін. Мен оқи бастағанда шығармаға қалай еніп кеткенімді байқамаймын. Әдеби шығарма эмпатияны дамытады және өзіңді басқаның орнында қоюға көмектеседі. Қиялды және ойлауды дамытады. «Автор кітаптың жартысын ғана жазады. Екінші жартысын оқырман жазады» деді Джозеф Конрад. Сондықтан мен көркем әдебиетті түсініп оқуды ұсынамын.
– Өмірдің мәні неде?
– Мен үшін менің мақсаттарым мен тілектерім, міндеттерім және жауапкершілігім, отбасым – осының бәрі менің өмірімді мағыналы етеді.
– Сізде демалыс бола ма?
– Менде демалыс жоқ. Тіпті бала күтімі кезінің өзінде де. Бірақ мен саяхаттағанды ұнатамын. Менің арманым – балаларыма саяхаттау кезінде география мен тарихты түсіну үшін әлемді көрсету. Сондықтан болар, мен жағажайда демалғанды уақытты босқа өткізу деп қабылдаймын. Өзге елдің табиғатын, сәулетін қызықтап, тұрғындармен танысқанды ұнатамын. Мысалы, екі аптадан кейін біз қызымызбен бірге Еуропаға ұшамыз. Билеттер мен Шенген визаларынан басқа ештеңе сатып алған жоқпыз. Бір елде екі күннен артық болмауға тырысамыз.
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓