Берді қаздың бел баласы

Халық арасында «қызмет – мәртебе, қалтқысыз атқару – абырой» деген тәмсіл қалыптасқан. Белгілі бір еңбек иесі туралы сөз қозғамастан бұрын, жан-жаққа шолу жасау, арғы-бергіні түгендеу исі қазаққа тән. Жақында жарияланған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге деген сүйіспеншіліктің басты тетіктері айтылады. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады… Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен  салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» дейді президент.330b2bbe-e288-4f62-ae68-e32859c12fc3
Дамыған мемлекеттердің жазылмаған заңына сүйенсек, экономиканың дамуының негізгі күші жеке кәсіпкерлердің еншісінде. Егемендік алдық. Әке-шешеміз бөрік атып, балаша қуанды. Бүгінгі таңда жоғарыда айтқан туған жердің өркендеуіне, экономикалық, әлеуметтік жағынан дамуына іскерлігімен, жауапкершілігімен, белсенділігімен өз үлестерін қосқан азаматтар аз емес. Сондай еңбек адамдарының бірі – Нұрлыбек Әлмағамбетов. 1967 жылы 24-сәуірде Тобыл-Торғай өңіріне танымал журналист, Берді қаз әулетінің мақтанышы Бөгетбай Әлмағамбет пен Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Жұпар Қазанғапованың отбасында 10 баланың кенжесі – Нұрлыбек дүниеге келді. Қаймана қазаққа белгілі жағдай: жас кезінен еңбекке ден қойған ағамыз тұрмыс тірлігі мен білім-ғылымды қатар ұстады. Ізденді. Қара шаңырақтың иесі кенже балаға әке-шешенің жағдайын жасау міндеті және бар. Бұл шаңыраққа сәлем беріп келуші кісілер көп. Шет жағасын өзіміз көріп жүрміз. Осы ретте барлығына сыйлы Айзат жеңгеміздің орны алабөтен.956d64a7-7ae6-4ae5-9cd3-450c49601b2a
1984 жылы Амангелді орта мектебін үздік бітірген Нұрлыбек Бөгетбайұлы кәсіптік-техникалық училищені де қызыл дипломмен аяқтады. Екі жыл Мәскеуде әскери борышын өтеп келді. Осыдан соң Арқалық педогогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсті. 
– 1989 жылы ата-анамның жағдайына байланысты сырттай бөлімге ауыстым,- деді ағамыз. – Бірінші курс бітірген кезде сол кездегі АрПИ-дің проректоры Қасымхан Оспанов Мәскеу қаласына  атақты МГУ-ге жолдама беретінін айтты. Қуанышымда шек жоқ. Педогогика-психология факультетіне түсуге келісімімді бердім. Бірақ ауылға келген соң, әлгі жауабымды қайтарып алуға тура келді. Әрине, әке-шешемді жалғыз тастап кете алмаймын. Олар мені сырттай оқуға ауыстырып алатынын ашық айтты. Қыз балалар тұрмысқа кетті, ұлдың үлкені Дәурен жолдасымен Алматы қаласында оқуда болатын.
Міне, осындай себептер аманкелділік жас жігітті сол кездегі бүкіл Кеңестер одағының басты оқу орны – МГУ-дан бір қадам алыстатты. Айтқандай, ол Амангелді орта мектебіне жұмысқа кірісіп, аудан көлеміндегі барлық қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысты. Ұстаздық жолды енді бастап, оқушылармен жұмыс жандана бастаған бір ай уақыт ішінде бірден екі жерге жұмысқа шақырту алған. Біріншісі ішкі істер бөлімінің жасөспірімдермен жұмыс инспекторы болса, екіншісі аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімі еді. Екінші ұсыныс өзі бала күнінен істегісі келетін қызмет болғандықтан бірден келісе кетті. Аудан көлеміне белгілі Қырмызы Жаңбыршина апаймен бір күнде жұмыс бастаған Нұрлыбек Бөгетбайұлы жастардың іс-шараларын жандандыра бастады. Тіпті, кеңес дәуірінде тұншығып қалған «Қыз сыны», «Келіндер сайысы», «Жігіт сұлтаны» сияқты шаралардың бағдарламасын жасайды. Осы уақыттарда Мәскеуде болған «ГКЧП» себептерінен соң комсомол ұйымы тарап, мектепке мұғалімдікке барды. Ол жерде 1993 жылға дейін қызмет атқарды, кеңестік ұйымдастыру бөлімінде меңгеруші-тін. Бұл жұмыс тағы да таратылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қай салада болсын, қиыншылық кезеңі жүріп жатты. Ауданда тауар тапшылығы байқалды. Тіпті, орталықтағы сауда дүкендерінде халыққа бірінші қажетті дүниелердің өзі жоқ-тын. Тұрмыс қиындығы әр отбасыға түсіп тұрған кез. Тұтынушылар одағы әлсіреп, дүкендер бірінен соң бірі жабылды. Қаражаты бар тұрғындар тауар таба алмай дал болды. Сол тұста ретін тауып, Қостанайдан, қала берді, Ресейге барып туған-туыстарына, көрші-көлеміне жетерліктей азық-түлік әкелген Нұрлыбек ағамыздың еңбегі көрінерлік. Ауыл-аймаққа ,әуелі, азық-түлік қат. Ұн тасуды қолға алады. Рас, тоқсаныншы жылдарың тоңы жібімей тұрған кезде еліміздің рухани ахуалы да қатты жүдеп кеткен еді. Пейілі ала-құла діни ағымдар да Қытайдың ала дорбасы сияқты қаптады. Қоғамда бей-берекетсіздік орын алды. Рэкеттер, құн сұрау, бұрын естіп білмеген қылмыс түрлері көбейді. Алыс жолға шыққан уақытта бұл аса қауіпті еді. Біраз адам тауардың келуін күтіп жүреді. Әулиекөл ауданының әкімі Жансұлтан Тәукеновтің: «Жаңа ғасырға аяқ басқан жылы қыс айларында Сарыторғай, Қараторғай ауылдарында ұн тапшылығы сезіліп, соған Нұрлыбек ағамыз 200 қап ұнды тегін апарған. Сол кезде аудан бюджетінің қоры да мәз емес-ті. Ол кісінің осы еңбегінің өзі неге тұрады? Жалпы, Нұрлыбек Бөгетбайұлын көрінбейтін еңбектің егесі деп атар едім» дегені бар.
Қиыншылықпен басталған кәсіпкерлік бірте-бірте дамып, алғашқыда дүңгіршек болып ашылды. 1997 жылы азық-түлік дүкені салынып, дами келе орталықтан сауда үйіне айналды. Қазір «Бекбауыл» дүкені бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған орын.
Нұрлыбек Әлмағамбетов 2007 жылдың тамыз айынан бастап, Амангелді ауылының әкімі болып тағайындалды. Қай салада болсада өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азамат бұл жұмыста да бар мүмкіншілігімен атқара білді. Еңбегінде ескерусіз қалмай, мемлекеттік қызметтегі үздік қызметі үшін облыс әкімінің марапатталды.
Былтыр Ұлт азаттық көтерілістің 100 жылдығын тойлауда құрылған ұйымдастыру комиссияның мүшесі Нұрлыбек Әлмағамбетовпен кездестік. Әкесі, қаламгер Бөгетбай Әлмағамбеттің 2000 жылы шыққан кітабын қайта бастырып шығыпты. Жас ұрпақ тарихсыз болашаққа қадам жасай алмайды дейді ағамыз.874667fc-dc78-4d73-af76-cf39949c1984
Қарашаңырақтың кенжесі Нұрлыбек ағамыз жұбайы Айзат Қошқарбайқызы екеуі кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Екі ұл, бір қыз бала тәрбиелеп отырған бақытты жанұя. Ұлдары Дархан мен Ерхан мектепті «Алтын белгіге» аяқтады. Үлкені Дархан – Амангелді аудан әкімі аппаратында Заң бөлімінде бас маман. Ол 2016 жылы облыстың «Үздік мемлекеттік қызметшісі» атанды. Қарындастары Гүлнұр де ағаларының ізін басқан оқу озаты.
Бөгетбай атамыз кездескен кісінің қырық қырын, сексен сырын түгел көріп, біліп отырушы еді. Оның ұлы Нұрлыбек те еліне қапысыз қызмет етіп келе жатқан кәсіпкер. Бір жинақ құрастырып, атағын шығарған ағайындардың қасында ағамыздың еңбегі көрінерлік дей аламыз.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
   
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓