Бүгінгінің батыры
Баяғының батырлары жаугершілік заманда бес қаруын асынып елін, жерін қорғаған. Ал бүгінгінің батырлары деп кімдерді айтамыз? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған уақытта қолға қару алудың қажеті жоқ. Сондықтан, Отанға адал қызмет етіп, қайырымдылық жасаған жанды батыр десек жараспас па?!
Қостанайдағы ҚР ҰҚК шекара қызметі Солтүстік өңірлік басқармасы тыл бөлімінің аға офицері Данабек Бекболатов көпке үлгі боларлықтай іс жасады. Ол рельстен шығып кеткен поездың жолаушыларына дер кезінде көмектесті. Оқиға орнына құтқару қызметі келгенше жаралыларға жәрдемдесті. Әскери қызметшінің өміріндегі осынау жан түршігерлік оқиға биылғы жылдың сәуір айында болған еді. Сол уақытта кейіпкеріміз Атыраудағы ҚР ҰҚК шекара қызметінің №2016 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрді.
Биылғы көктемгі әскерге шақырылу кезінде Шымкенттегі бір топ жасты Атырауға алып келу керек болды. Бұл тапсырма Данабек Бекболатов пен екі сержантқа жүктелді. Осылайша әскери қызметшілер 52 болашақ сарбазды бастап "Алматы-Атырау" бағытындағы жолаушылар поездына мінеді. Межелі жерге жетуге 200 шақырымдай қалғанда әлгі поездың алдыңғы вагондары рельстен шығып кетеді. Бұл кешкі сағат алтылар шамасында болған оқиға.
– Біз ең соңғы вагонға орналастық. Болашақ сарбаздардың әскерге деген ынта-ықыластарын білу үшін сұхбат жүргіздім. Әрі жол қысқарсын деген ой еді. Сол уақытта вагондардың соғылғанын және жолсеріктің "далаға шығыңдар!" деп бұйырғанын естідім. Жанталаса сыртқа шықсам он бір вагон жерде аударылып жатыр. Рельс үстінде төрт-ақ вагон қалыпты. Қас-қағым сәтте темір жолдың үсті у-шу азан-қазан болды. Көмек сұрап жылаған балалардың дауыстары жан түршіктіреді. Екі сержант пен болашақ сарбаздарға бұйрық беріп, жолаушыларға көмектесуді тапсырдым. Олар вагонның ішіндегі адамдарды далаға шығарып жатты, – деді Данабек Бекболатов.
Вагон есіктері іштен жабулы. Оны ашу қиын. Терезелері де қалың. Шамалы таспен сындыру мүмкін емес. Сондықтан Данабек Бекболатов бастаған топ терезені темірмен ұрып, сындырып вагон ішіндегі адамдарды далаға шығарады. Үлкен-кіші, жас-кәріні құтқарып, жолсеріктер оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді. Кейбір жолаушылардың қол-аяқтары сынған. Жас балалар шошынып қалыпты. Шамамен, бір жарым сағаттан соң оқиға орнына Төтенше жағдайлар қызметі, жергілікті билік өкілдері, тәртіп сақшылары келе бастайды. Арнайы келген екі тікұшақ ауыр жаралыларды алып кетті. Әбден шошынған жолаушыларды жеңіл көліктерге мінгізіп, Атырауға жеткізеді.
– ТЖД қызметкерлері келгенше адамдарға көмектестік. Құтқару қызметі келген соң бізге жақын маңдағы станцияға бару керектігін тапсырды. Болашақ сарбаздарды бастап төрт шақырым жердегі бекетке жаяу бардық. Сол жерде поезға отырып, Атырауға аттанып кеттік. Себебі бізге көлік жетпеді, – деді Данабек Бекболатов.
Әскери қызметте берілген бұйрықты орындау қатаң қадағаланады. Әскери қызметтің ерекшелігі де осында. Данабек Бекболатов осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған жан. Ол он алты жылдан бері шекара қызметінде жүр. Негізгі мамандығы – агроном-технолог. Оңтүстіктің тумасы Астанадағы Аграрлық университетін бітірген. Мамандығы бойынша бес жыл жұмыс істеді. 2005 жылдан бастап өзінің таңдауы, жүрек қалауымен әскери қызметке ауысты. Бұл саладағы еңбек жолын ОҚО Сарыағаш ауданындағы №2020 әскери бөлімінен бастады. Уақыт өте Қызылорда және Атырау қалаларында еңбек етті. Қызметіне шын берілген жан бір ай бұрын қызметі бойынша астықты өлкеге ауысып келді. Қазіргі уақытта Қостанайдағы ҚР ҰҚК шекара қызметі Солтүстік өңірлік басқармасында жұмыс істеп жатыр.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: Данабек Бекболатов.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.