Жарқ еткен жарқын бейне

Рудный қаласында ақын, ұстаз, журналист Гүлнәр Қалқаеваны еске алуға арналған аймақтық айтыс өтті.
Көзден кетсе де көңілден өшпейтін жандар болады. Солардың бірі – қылшылдаған қырық жасында жарқ етіп өмірден өткен ақын, ұлағатты ұстаз, журналист, асыл ана, адал жар бола білген Гүлнәр Амангелдіқызы Қалқаева еді. Гүлнәр 1970 жылдың 12 наурызында Ресейдің Қорған облысына қарасты Звериноголовское  ауданында дүниеге келді. Кейін отбасымен Ұзынкөл ауданындағы Обаған ауылына  қоныс аударып, әкесі Амангелді совхоздың  бір бөлімшесін басқарса, анасы Кенжеке  пошташы болып жұмыс істеді. Бала күнінен жақсы оқыған Гүлнәрдің қазақ тілі мен әдебиетіне деген ынтасы ерекше болды. Ұзынкөлдегі орталау мектепті аяқтағаннан кейін, Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатында орта білім алып, 1987 жылы Рудныйдағы педагогикалық училишеге оқуға түседі. Онда оқып жүріп қалалық радионың  алғашқы қазақ тіліндегі хабарларын жүргізді. Білімін одан әрі жалғастыруды ойлаған Гүлнәр 1995 жылы Қостанай университетінің филология факультетін тәмамдады. Айтысқа студенттік, жастар, қалалық сайыстарынан сүрінбей өтіп келген ақын қыз Солтүстік Қазақстан облысында өткен Сәбит Мұқановтың 90 жылдық тойына арналған айтыста  топ жарып, бас бәйгені иеленеді. Бағы мен бабы келіскен Гүлнәр Қалқаева Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің шәкірті ретінде 1990 жылы Ташкентте Орта Азия мен Қазақстан ақындары арасында Балқы Базардың 150 жылдығына арналған халықаралық айтысқа қатысады. «Алла мерейіңді үстем етемін десе, аяқ астында екен. Сонымен, жарыстан мен бас бәйгені, әлгі Гүлнәр қызым бірінші орынды иеленіп оралдық» деп Қонысбай ағамыздың айтқаны осындайда еске түседі. Талабы таудай қаршадай қыз 1995 жылы өзі білім алған Ыбырай атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне ұстаздық қызметке алынды. Ал, 1997 жылы «Рудный дауысы» телеарнасы ашылғанда, журналистік жұмысын «Қала жаңалықтары» хабарында диктор болып жалғастырды. Көп ұзамай авторлық «Атамұра» хабарын шығарып, халыққа етене танылды. Әрбір шыққан хабарының мазмұнына мән беріп, талапты да талантты кейіпкерлерді табуға тырысатын.  Сондықтан оның эфирге жол тартқан авторлық бағдарламасы  көпшілік көңілінен шығып, қаламыздың өнерлі жандары, үлгілі отбасылары көрермендерге  танылып жататын.Қарашаның 26 күні Рудный қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен, қалалық «Қазақ тілі» қоғамының қолдауымен  «Жарқ еткен жарқын бейне» атты Гүлнәр Қалқаеваны еске алуға арналған аймақтық айтыс ұйымдастырылды. Оған ақынның көзін көрген замандастары Жадыра Құтжанова Астанадан, Абай Қажиев Әулиекөлден, Арқалықтан Бағила Балмашова мен айтыстың ақтаңгері атанған Айбек Қалиев, Байбатыр Ахметбеков Торғайдан, Мамай Ізтілеу Тобылдан, Әлпия Орманшина, Салтанат Өтелбаева және Марғұлан Оспанов Қостанайдан, рудныйлық  Ғалымгерей Кенжеғозиндер арнайы шақырылып, еске алу айтысының ерекше өтуіне өз үлестерін қосты. Сенбі күні айтыс өнерін бағалай білетін құрметті көрермендеріміз «Горняк» кеншілер сарайын лық толтырып, төрт сағат бойы  көрікті ой мен сұлу сөздің сиқырына бөленді. Алдымен Гүлнәр Қалқаева туралы шағын бейне фильм көрсетіліп, марқұм Қайрат Нұрғазин екеуі жазған «Астанаға арнау» әнін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №19 мектептің ұстазы Әлия Амантайқызы орындап берді. Асыға күткен алғашқы жұпты елімізге белгілі айтыс ақыны, жас ақындардың ұстазы Әлпия Орманшина  мен Гүлнәр Қалқаеваның төл шәкірті, республикалық, қалалық, облыстық айтыстардың жүлдегері, ССКӨБ фабрика кешенінің жұмыскері Ғалымкерей Кенжеғозин құрады. Өзінің соңынан еріп, туған сіңілісіндей болған Гүлнәрді жырға қосқан Әлпия апамыз:
– Нұрланып жүруші едің жыр жағып-ай,
Талайды тәрбиелеп нұр жаныңа-ай.
Елуіңде еске алып отырмыз ғой,
Қиылған қырық жаста Гүлнәрім-ай,–деп қазақтың айтыс өнерін өзіне серік еткен, ерте кеткен ерке қызының еңбегін ерекше айтып өтті. Өз кезегінде ұстазының үмітін ақтап жүрген Ғалымгерей де:
– Есіміңіз естіліп биіктерден,
Шақырдық қауышсын деп сүйікті елмен.
Сөзімізді тастамай қара жерге,
Алтын басын Гүлнәр деп иіп келген, – деп 20 жылдан бері айтыс алаңына шықпаған Әлпия апасына өз разылығын білдірді. Айтыс әртүрлі тақырыпқа сөз толғаған, елдің сөзін қолдаған мазмұнды болып шықты. Екінші кезекте сахна төрінен орын алған Халықаралық, республикалық, облыстық ақындар сайысының лауреаты, ақындық Құтжан  атасынан қанмен берілген айтыскер, кезінде «ақбозатты ару» атанған, ҚР мәдениет саласының үздігі Жадыра Құтжанова мен тобылдық Мамай Ізтілеу сөз сайысын одан сайын қыздыра түсті. Алдымен амандасып алып, сөз бастаған Мамай ақын:
– Шымыр тіл шындық айтып шыныққанда,
Құмармыз алдан бөгеп, құрықтауға.
Бас кеспек болса-дағы тіл кеспек жоқ,
Болмайды әділдікті құлыптауға.
Гүлнәр апам адалдықтың символындай,
Тиіспіз еңбектерін ұмытпауға.
Көз көрген ақындарың келді, міне,
Гүлнәрдай ақын қызды ұлықтауға, – деп сөз кезегін Жадыра апасына ұсынды.
– Ақын мен ақын жұпталады.
Көңілден шықса сөзі құпталады.
Қолыма домбыра ұстап сахнаға,
Асыпты 20 жылдан шықпағалы.
Есімін елі болып ұлықтаған,
Қыз еді тек өнерді қызықтаған.
Ризамын осы айтысты ұйымдастырған,
Гүлнәрдай ақын қызын ұмытпаған",– деп Жадыра жақсы жырларымен жұртшылық  жүрегін баурап алды. Көрермендер асыға күткен Айбек пен Салтанат жұбы тыңдағанның нағыз айызын қандыратын, тәлімі мен тағылымы мол тамаша сөз жарысына айналды. Айтыстың  ақтаңгері  Айбек ақын:
Дәл бүгін Сарыбайға құйылып нұр,
Көрермен айтыс көріп сүйініп тұр.
Гүлнәрдай замандасын есіне алып,
Ардагер ақындарың жиылып тұр.
Бұл айтысқа қатысқан төрт ару да,
Өзіне жұрттың бәрін үйіріп тұр, – деп  ақындардың әрқайсына тоқталып, сипаттама беріп өтті. Салтанат  Өтелбаева  да айбынды ақынның атағынан ықпастан, лайықты қарсылас екенін дәлелдеді. Айтыс аламанында сөз жарыстырған Абай Қажиев пен БағилаБалмашева, Байбатыр Ахметбеков пен Марғұлан Оспановтардың өнеріне көрермен қауым қол соғып, қошеметтеп отырды. Оның бәрін саралап, сөз сарбаздарын даралап отырған қазылар алқасы барлық ақындарды айтыстың соңында  «Құлманбет айтыс» деп аталатын айтыс түрімен аяқтауға шақырды. Бұл сайыста да ақындар өздерінің нағыз талант, суырыпсалма, ұлттық мұраны ұлықтап жүргендіктерін паш етті. Өнер сайысын әділ бағалаған қазылар алқасы жүлде қорын ақындарға тең бөліп, қала әкімінің алғыс хатын табыстады. Одан басқа Гүлнәрдың ағайындары мен отбасынан, айтыссүйер азаматтар атынан арнайы жүлделер тапсырылып, халықтың ыстық ықыласына бөленген Гүлнәр Қалқаеваның есімі ел есінде мәңгі сақталатынына сенім білдіреміз.
 
Арман Сәбитбекұлы,
журналист,
«ҚР Ақпарат саласының үздігі»,
Рудный қаласының Құрметті азаматы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓