Адамның күні «ADAMмен»

Соңғы жылдары отандық кәсіпкерлікті дамыту ісі едәуір ілгеріледі. Оған мемлекеттік қолдаудың ықпал етіп отырғанын бизнес өкілдері де жасырмайды. Яғни, қолынан іс келетін кез келген азамат мемлекеттік бағдарламаларға жүгініп, жеңілдетілген несие алу арқылы кәсібін дөңгелентуге лайықты жағдай жасалған. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қостанайдағы бірқатар шағын және орта кәсіпкерлік өкілі "Даму" қоры" АҚ арқылы 6 проценттік жеңілдетілген несие алып, шаруасын күйттеп отыр. Солардың бірі – "A,DAM" медициналық орталығы"  ЖШС-інің ісі көпке үлгі. Бұл  медициналық орталық 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Орталықтың бас дәрігері Виктор Гавриловтың айтуынша, о баста құрылтайшылар өз қаражаты есебінен 40 шаршы метрлік бөлмені сатып алған.  Іс оңға басқан соң бұлар кәсібін кеңейте түспекке бел буады. Сөйтіп, өткен жылы  "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы арқылы "FirstHeartlandJusanBank"  АҚ -нан 75 млн теңге несие алды. Жылдық процентік үстемақысы  14,5%-ке тең несиелік қаражаттың  6%-ін компания өзі төлейді, ал 8,25%-тік айырманы "Даму" қоры субсидия түрінде өтейді. Қомақты қаржыға мекеме рентгендік флюорографиялық жылжымалы цифрлық кешен, жылжымалы рентгенге арналған автомобиль, пациентті вертикалдауға арналған оңалту аспасы, оңалту тренажері, оңалту үстелі, серуендеу имитаторы, модульдік баспалдақ, оңалту параллель қоршауларды  және науқастарды  оңалтуға арналған өзге де жабдықтар сатып алды.
Орталық науқас жандарды оңалту бағытында  күндізгі стационарлық, физиотерапиялық емдеу  қызметтерін  ұсынады. Сондай-ақ, кәсіпорындар мен мекемелерге тұрақты медициналық тексеру жүргізіп отырады. Медициналық орталықта невропатолог, реабилитолог, эпилептолог, хирург, гастроэнтеролог, дерматолог – косметолог, гинеколог, терапевт, педиатр, логопед – дефектолог, остеопат, окулист, Функционалдық диагностика дәрігері тәрізді мамандардың кеңесіне жүгінуге болады.
–Біздің орталықтың жұмыс істей бастағанына бір жарым жылдан асты. Әуелгіде шағын залдан бастаған едік. Кейін келушілердің саны артқан кезде орталықты ұлғайтуға шешім қабылдадық. Қазір мұнда ай сайын 50-60 шақты адам келеді. Мұның сыртында балалар бөлімі бар, онда айына 40-тан астам жеткіншек келіп, ем-дом қабылдап жүр.  Бәрі тегін. Яғни, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жұмыс істейміз. Орталыққа келуші науқастардың дені инфаркт, инсульт алған кісілер. Ми қабыршығына, омыртқасына, аяғына ота жасатқандар, түрлі жарақат алғандар, балалардың арасында ДЦП, аутизмге шалдыққандар   да бар. Олар бізде күні бойы денесін жаттықтырады, түрлі жаттығулар жасайды. Олармен жоғары білімді инструкторлар мен дәрігерлер айналысады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, орталықтағы қондырғылардың бәрі жаңа, тіпті, кейбірі республикада жоқ. Біз оны шетелдерден арнайы тапсырыс беріп, сатып алдық,– деді орталықтың бас дәрігері.
Айтуынша, ота жасатқан кісілер, ауыр дертке ұшыраған жандар көп ұзамай аяқтарынан тұрып кететін көрінеді. Солардың бірі Алла Новикова. Қария инсульттің салдарынан аяғынан баса алмай қалған соң, дәрігерлердің кеңесімен осында келген. Қазір бір мезгіл жаттығу залына келіп, буындарын қалпына келтіруге тырысып жүр.
– Мен тіпті жүруден қалып едім. Осымен екінші апта келіп жүрмін.  Медициналық орталық мамандары көп көмектесті. Мұнда біз күнделікті түрлі жаттығу жасаймыз. Адам денсаулығына өте пайдалы.  Қазір аяқ-қолыма жан біте бастады.  Өзімді жайлы сезінемін,–дейді зейнеткер.
Медициналық орталықтың көмегін қажетсінген кісілердің бірі Төлеубике Чатанова. Бұл кісінің екі жамбасы сынып, омыртқасына зақым келген. Балдақтың көмегімен жүреді. Кейуана да  орталықтың сырқаттарға көп көмегі тиетіндігін айтады.
– Орталықтың дәрігерлері мен инструкторларына алғыс айтқым келеді. Олар мен сияқты үлкен кісілерге сөз көмегін аямайды. Осыған дейін екі отаға түстім. Біреуін Ресейде жасаттым. Ота жақпады ма, әлде жанама әсері болды ма, білмеймін, әйтеуір, сырқатым асқынып кетіп еді. Осында келіп, бетім бері қарай бастағандай болды. Мұнда өз басым екінші рет келіп отырмын. Күнделікті жаттығулардың адам денсаулығына тигізер пайдасы көп. Сондықтан шығар, келушілердің қатары көп. Айтайын дегенім, қалада осындай емдеу-сауықтыру орталықтары көбірек болғаны дұрыс. Ең болмаса, емханаларда ЛФК тәрізді қондырғылар болса екен,–дейді зейнеткер.
Медициналық орталықтың бас дәрігері Виктор Гаврилов жаттығу мезгіліне қарамастан науқастарды оңалту аппараттарымен жеке-жеке таныстырып шықты. "Бұл біз үшін кәсіп көзі болғанмен, науқастарға қолымыздан келгенше көмегімізді аяп қалмаймыз. Мына сатып алған қондырғылар қол-аяғы істемей, жүруден қалған жандарды қатарға қосуда жақсы көмектеседі. Біз өз тарапымыздан сырқаттарды  қорықпай жүруге мәжбүрлейміз. Келушілермен тұрақты айналысудың нәтижесі әзірге жаман емес. Мамандарымыз құрал-жабдықтардың тілін әбден меңгеріп алған. Сондықтан, біздің орталыққа келушілердің қатары өте көп",– дейді ол.
Жалпы, облыста  кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба негізінде 600-ге тарта жоба қаржыландырылған. Соның ішінде "Даму" қоры АҚ арқылы 14,66 млрд теңге субсидия төленген. Соның арқасында жергілікті  кәсіпкерлер алған несиелерінің процентін азайтып қана қоймай, ай сайынғы төлем көлемін едәуір төмендетуге мүмкіндік алып отыр.
– Негізгі мақсатымыз – отандық кәсіпкерлерді қолжетімді несиемен қамтамасыз ету. Мұнда біз негізгі екі шарт бойынша жұмыс істейміз. Жалпы, бұл  Ұлттық жобада мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріп отыр. Бағдарлама бойынша аудандар мен  моноқалалардағы кәсіпкерлер 5%-тік үстемақымен несие ала алады. Ал қалалық жерлердегі кәсіпкерлер үшін оның жылдық үстемақысы  6%-ке тең. Жеңілдетілген несиеге азық-түлік саудасымен айналысатындар, өндірістік қызмет көрсетушілер  иек артуына әбден болады.   Мұндағы  тағы бір ерекшелік, несиелер "Даму" қорының кепілдігімен беріледі. Яғни, кәсіпкерлер бұрынғыдай несие алу үшін банкке қоятын мүлік іздеп әуре болмайды.  Екіншіден, ішінара кепілдік беру шарттары бойынша кәсіпкерлердің кепілдік мүлкі болмаған  жағдайда қажетті жобалық сомаға дейін қосымша қаржыландыруға не "Даму" қорының кепілдігі есебінен қарыз сомасын ұлғайтуға мүмкіндігі бар, – дейді "Даму" қоры АҚ өңірлік филиалының бағдарламаларды дамыту жөніндегі  Бас  менеджері  Елена Матвеева.
Мемлекеттік бағдарламалардың осындай тиімді тетіктерінің арқасында бүгінде өңірде кәсібін кеңейтіп, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашқан бизнес өкілдері көп. Оған  елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту шараларының жеңілдетілуі ықпал етіп отыр. Кәсіпкерлердің өздері мұндай бағдарламалар әсіресе, кәсібін енді бастаған жандарға тиімді екендігін жасырмайды. Қалай десекте, ел экономикасының негізгі шығырына айналған шағын кәсіпкерліктің бойына қан жүгірді. Оны осы «A,DAM» меддициналық орталығы сияқты мекемелер дәлелдеп берді.
                                            
Әлібек ЫБЫРАЙ 
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓