Көкөніс қоймасы пайдалануға берілді

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аманкелділіктер тағы бір қуанышты оқиғаға куә болды. Аудан орталығында жаңа көкөніс қоймасы пайдалануға берілді.овощ
Рәсімге аудан басшылығы мен село тұрғындары қатысты. Көкөніс қоймасының иесі – Мұхаметжан Бимағанбетов. Ол – көп жылдардан бері бау-бақша өсірумен айналысып келе жатқан жеке кәсіпкер. Биыл облыстық кәсіпкерлер палатасы оған осы қойманы салуға 3 миллион теңге грант берген болатын. Мұхаметжан сол берілген қаржыға өзінің тарапынан 2 миллион теңге қосып, осы қойманы ойдағыдай салып шықты.
            Жақында Мұхаметжан аталмыш қойманы пайдалануға берді. Осыған байланысты Аманкелді селолық округі салтанатты рәсім өткізді. Онда аудан әкімі Н.Өтегенов жиналған көпшілік алдында құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпкер Мұхаметжан Бимағанбетовтің бастап отырған ісіне сәттілік тіледі.
Айта кеткеннің айыбы жоқ, ауданда осы уақытқа дейін көкөніс сақтайтын қойма жоқ еді. Бұл жәйт те көпшіліктің көңілін алаңдатып келген. Жұрт аудан орталығында көкөніс сақтайтын бір қойма болса екен деп ұсыныстар да айтқан. Жерлестерінің осы тілегін ескерген Мұхаметжан жасы 70-ке жақындаса да қойма салуды қолына алды. жана койма
           Қоймада ала жаздай өзі өсірген картоп, сәбіз, қызанақ, қияр, қырыққабат, жуа және басқа да өнімдер сақталуда. Қойма іші талапқа сай – жылы әрі кең. Қойманың үстінде шағын дүкен бар.  Аудан тұрғындары өздеріне керекті көкөніс өнімдерін осы жерден еркін ала алады. Ең бастысы, бұл өнімдер Торғайдың өз топырағында өндірілген.
            Көкөніс қоймасының ашылуы – аманкелділіктердің ұлы мереке алдындағы көңілдерін бір көтеріп тастады. Жұрт алдында Мұхаметжан ақсақал сөз сөйлеп, жерлестеріне өзінің қойманы қалай салып шыққаны туралы әңгімелеп берді.
-Мен 50 жылға таяу уақыт бақша өсірумен айналысып келемін. Бұл кәсіпті кеңестік дәуірде бастадым. Алғашында мамандығым бойынша суретші болып қызмет жасадым. Алайда, келе-келе бақша өсіруді қаладым. Себебі, мен бала кезімде өзімізбен көрші тұрған корей ұлтының Ким Чер секілді ақсақалдарынан бақша егуді жете үйренген едім. Аллаға шүкір, осы кәсібім өзіміздің отбасымызға ғана емес, туған ауданымның халқының да нәсібі болып отыр. Жалғыз ұлым Дастан мен келінім Тұмар менің кәсібімді жалғастырып келе жатыр. Олардың бұл қадамына мен қуаныштымын. Бүгінде біз отбасымызбен бақшашы-кәсіпкерлерміз. Өз ісімізге әбден маманданып алдық. Ала жаздай бақша өсірумен айналысамыз. Оларды уақытында суарып, баптап күтеміз. Торғайдың құнарлы топырағында өсіп-өнген біздің өнімдеріміз үлкен сұранысқа ие. Оларды қыс бойы сатамыз. Өнімдерімізді көрші аудандардан да аттай қалап әкетушілер аз емес. Осы орайда бізге тегін грант беріп, сенім көрсеткен облыстық кәсіпкерлер палатасына және оның Торғай аймағындағы инспекторы Серік Байтуов пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне айтар алғысым зор. Біз осы кәсіпкерлігімізді одан әрі дамыту үшін «Атамекеннен» келесі жылы қаңтар айында несие алуға құжаттарымызды толық дайындап қойдық. Алла қаласа, сол несиені алғасын кәсібімізді одан әрі өркендетпекпіз. Алға қойған мақсатымыз – ауданымыздың халқына адал әрі сапалы қызмет жасау. Олардың көкөніске деген сұранысын қамтамасыз ету, – деді Мұхаметжан Бимағанбетов.
Оны аудан орталығындағы барлық кәсіпкер әріптестері де құттықтап, еңбегіне табыс тіледі.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ,
Аманкелді ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓