Алаштың Мырзағазысы
Мырзағазы Есболұлы – ХХ ғасырдағы Алаш автономиясының айтулы қайраткерінің бірі. 1891 жылы бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезінің Аманқарағай болысына қарасты Жолдыбай аулында (№4 ауыл) дүние-ге келеді. Оның ата-бабалары арғын тайпасының өтей руынан. Бүгінгі таңда артында қалған ағайындары Мырзағазының жеті аталық шежіресін былайша белгілейді: Есбол – Торғай – Мәтен – Шағырша – Сұлтанкелді – Өтей – Ақымбет. Өз атасының "Торғай" атануына қарағанда, олар алдымен Торғай өзенінің маңында тұрғанға ұқсайды. Есболдан Досмағамбет, Шаяхмет, біздің кейіпкеріміз Мырзағазы, Мырзахмет, Қазыбай атты 5 ұл, Ұрқия атты қыз дүниеге келеді. Есболдың алты баласының ішінен Мырзағазы елегезектілі-гімен, алғырлығымен ерекшеленеді.Мырзағазы Есболұлы – алғашқы сауатын болыстық, кейін мұғалімдік мектепті тәмамдайды. Кейбір дерек көздері оның Петербордағы педагогикалық институтты бітіргендігін де жазады (қазіргі Герцен атындағы Санкт-Петербург педагогикалық институты). Заманында М.Есболұлы терең біліммен қатар қаламгерлік қабілетімен де ерекше көзге түседі. "Айқап" журналына, "Қазақ" газетінде мақалалар жариялап тұрады. Патшалық Ресейдің астанасы Петерборда шығып тұрған "Мусульманская газетаның" тілшісі болады. Екі тілде сауатты жазатын М.Есболұлы 1923 жылы Ташкентте жарияланған "Түр-кістанда келімсектер орнаған аудандардағы жер мәселесі", 1924 жылы ресейлік профессор Д.Кудрявскийдің "Как жили люди в старину" атты кітабын "Арғы мәдениет" деген атаумен қазақ тіліне аударып шығарады.
1916 жылы патшаның "Июнь" жарлығына байла-нысты Қазақ даласында туындаған дүрбелең кезінде Ә.Бөкейханның бастамасына қолдау көрсетіп, майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу үшін Батыс майданға аттанып, Минскі маңындағы әскери қосындарды аралайды. 1917 жылы шілде айында Орынборда өткен І жалпықазақ съезінде Алаш партиясы құрылған уақытта ол партия қатарына өтеді, сол жылдың желтоқсан айында ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жарияланып, М.Есболұлы алдымен Қостанай уезі кеңесінің тұрақты өкілі, кейін Алашорда үкіметінің Қостанай уезіндегі бөлімінің төрағасы болады.
1919 жылы Алаш автономиясы Кеңес үкіметінің тегеурінімен таратылып, Алаш автономиясының қайраткерлеріне "кешірім" жасалғаннан кейін, 1920 жылы М.Есболұлы Орынбордан Түркістан автономиялы республикасының орталығы Ташкентке ауысады. Түркістан автономиясында ол Жер-су комиссариатында, мемлекеттік сауда бас-қармасында қызметтер атқарады. Ташкентте қазақ зиялылары ұйымдастырған "Талап" ұйымына, "Ақ жол" газетіне көмектеседі. Ташкенттегі қызметі кезінде бүгінгі таңда зерттеушілердің назарын ерекше аударып жүрген "Түркістанда келімсектер орнаған аудандардағы жер мәселесі" атты зерттеушілік мазмұндағы кітабын жариялайды. Патша үкіметінің Түркістандағы отаршылдық саясатынан қазақ хал-қының көп зардап шеккенін айтады. Қазақтардың қыстауының орнына қалалар орын теуіп, жер-судың жақсысы келімсектердің қолына кетеді. Мал жайлайтын жерінен айырылған қазақтарға кедейшілік қамыты түсіп, көшпелі тірліктен айырылып, "жатаққа" айналады. "Елден мал кеткен соң, – дейді М.Есболұлы, – көш-қон қалып, "жатақ" деген ат шықты. Ол жатақ жай жатпайды екен: оған тамақ, киім керек екен, тамақ асырау керек екен. Тіршілік күресінде келімсектерден жеңіліс тауып, оларға малайлыққа кірді. Күн санап, жыл санап малайдың саны көбейе берді, көбейген сайын еңбек күші арзандай берді. Бұлардың арзан күшін пайдаланып келімсектердің жуан жұдырықтары дәулеттерін асыра берді".
Жергілікті тұрғындардан келімсектердің саны аз болса да, иемденіп отырған жерлері өте көп екендігін, жерінен айырыл-ған жұрт Қытай асып көшіп кеткендігін ашына жазады. Жаңа құрылып жатқан Кеңес үкіметі сол әділетсіздікті жояды деп сенім артады, мамандарды отаршылдықтың зардабын жөндеуге үндейді.
1929 жылы М.Есболұлын Қызылорда шаһарында абақтыға қамайды. Сол кезде Алаштың 44 қайраткері тұтқындалады. Оларды Мәскеудің Бутырка түрмесіне қамап, ішінде А.Бай-тұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Х.Ғаббасұлы бар 13 кісіге ату жазасы кесіледі. Бірақ кейін ату жазасы 10 жылдық мерзімге жер аударуға ауыстырылып, М.Есболұлы мен М.Дулатұлы Ақ теңіздегі Соловецк лагеріне айдауға жіберіледі. Мырзағазы Есболұлы 1938 жылы Ленинградта "үштіктің" шешімімен ату жазасына кесіледі.
М.Есболұлының отбасы да, ағайын туғандары да тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Жұбайы Рахима Асфандиярова ОГПУ-дің қысымына шыдамай, өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болады. Оның артында Шағатай, Жаңатай атты екі ұл қалады. Рахима көрнекті Алаш қайраткері, қазақтың алғашқы медициналық институтының ректоры, тарихшы ғалым Санжар Асфандияровтың қарындасы болатын. Жұ-байы Рахима Қызылорда шаһарында көз жұмғанда, Мырзағазы Есболұлы Ташкентте еді. Ол өз туыстарына жұбайының мүрде-сін және балаларды Аманқарағайға апарып, балаларды өзінің шешесі Жанғайшаның қолына, ал жұбайын жер қойнына тапсыруды өтінеді. Аманқарағайда өскен Мырзағазының балалары Шағатай мен Жаңатай әжелері дүниеден өткен соң, ағасы Шаяхметтің қамқорлығында қалады. Айдауда жүрген Мыр-зағазы ағасы Шаяхметке хат жазып, балаларды өз атына ауыстырып алуды өтінеді. Сөйтіп, Шағатай мен Жаңатай "Шаяхметовтер" тегіне ауысады. Кейін ол ағасына сол екі ұлын Алматыдағы интернатқа тапсыруды сұрайды.
Мырзағазының Мырзахмет деген інісінің әйелі Калипа Махмұтқызы Байгурина – Алаштың белгілі қайраткері, медицина саласында қазақтан шыққан алғаш ғылым кандидаты болған Әлжан Махмұтұлы Байгуриннің қарындасы. Бұлар да репрессияға ұшырап, 1929 жылы атылады. Д.Болатованың жазуынша, сол бір зұлматты жылдары Мырзағазының 30-ға жуық туған-туыстары әртүрлі деңгейдегі қуғын-сүргінге ұшырайды."Алаштың Мырзағазысы" атанған Мырзағазы Есболұлының қайраткерлік қызметі мен қаламгерлік мұрасы бүгінгі алаштанушылардан көп ізденуді қажет етеді. Белгілі алаштанушы Д.Қамзабекұлы сонау 90-жылдары "Алаштың Мырзағазысы" деген зерттеу мақаласын жариялап, қайраткердің өмірбаяны мен шығармашылығына назар аударды. 2013 жылы Димнура Булатова "Есполов. 90 лет спустя" деген атпен арнайы кітап жазады. Қайраткердің немере туыстары, атап айтқанда, Мырзағазының туған інісі Қазыбайдан тарайтын Кәкімбек Қазыбайұлы Матенов (Қазыбай Есболұлы қорқыныш пен үрейден Ресейге қашып, Есболдан тарайтын тегін арғы аталары Мәтеннің атына жаздырып алады) атты азамат Астана қаласында тұрады. Әскери қызметтен доғарыспен шыққан зейнеткер. Есболдың арғы атасы Мәтеннен тарайтын Қазкен Құрманғалиұлы Оспанов ақсақал – бүгінгі таңда 92-дегі қарт кісі. Әулиекөл аулында тұрады. Зейнетке дейін көп жылдар ұстаздық еткен, Әулиекөл ауданының партия, кеңес мекемелерінде жұмыс істеген. Ол көптен бері Мырзағазы Есболұлының атына Қостанай қаласынан, Әулиекөл ауданынан көше аты берілсе деген пікірін айтып, тиісті органдардың есігін қағып жүр. Ақсақалдың арманы оның көзі тірісінде жүзеге асса екен деп тілейміз.
Жерлесіміз Мырзағазы Есболұлының Алаш жұртына сіңірген еңбегі ел жүрегінде мәңгі сақтала береді деп санаймыз. Алдағы күз мезгілінің орта шенінде Қостанай қаласында М.Есболұлының қайраткерлігі мен шығармашылығына арнал-ған ғылыми конференция жоспарланып отыр. Белгілі алаштанушылардың қатысуымен өтетін сол жиында жұртымыз тың деректермен, тосын пі-кірлермен таныса алады деп ойлаймыз.
Алмасбек Әбсадық,
филология ғылымдарының докторы,
профессор.