Заң бұзушылықтарға жол берілген

Арқалықта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Ұзынжастың қатысуымен Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандарының жергілікті атқарушы органдары мен қоғамдық кеңестері басшылығының бірлескен отырысы өтті.  
Жиынды қала әкімі Әмірхан Асанов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің Арқалық өңірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөлімінің басшысы Нұрбол Мұратұлының Мемлекеттік органдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы, Арқалық қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Алмас Бекиннің  Арқалық қаласының қоғамдық кеңесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың кейбір мәселелері туралы баяндамалары тыңдалды.
 Белгілі болғанындай, оңтүстік өңірлерде халықты ауыз сумен қамту, жол жөндеу және жер пайдалану мәселелерінде бірқатар бұзушылықтарға жол берілген.
«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көріністері мен оның туындау себеп – салдарын жоймай сыбайлас жемқорлықты азайту мүмкін емес. Жыл сайын елімізде орта есеппен екі мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан астам адам жауапқа тартылады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін».  Қазіргі таңда агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізудегі саясаты жаңа бағытқа бет бұрды. Ол – құзіретті мемлекеттің мемлекеттік органдар мен белсенді қоғам өкілдерімен бірлесіп, азаматтардың жалпы қоғамда туындаған мәселелердің шешімін табу. Еліміздің барлық аймақтарында «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өңірлік картасы» әзірленді. Сондықтан, облыс өңірлерін аралап, жергілікті халықпен және қоғам белсенділерімен кездесулер өткізіп, проблемалық обьектілерді аралап жүрміз»,– дейді департамент басшысы Бауыржан Дәулетиярұлы. 
Сапар барысында құзырлы орган өкілдері осындай проблемалық нысандар қатарындағы Арқалық қаласына қарасты Үштөбе ауылына арнайы барып, ондағы кешеуілдеп жатқан «Су құбырын тарту» жобасының жай – жапсарымен танысты. Сондай-ақ, тұрғындар қойған сауалдарға жауап беріп, жеке қабылдаулар да өткізді.
 
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓