Жасыл желек көрік береді

Көгалдандыру жұмысы өндірістік алаңға да жетті. Жақында бірлестік жұмысшылары қаламызда қолға алынған көгалдандыру шарасына қатысып, көшелер мен аулалардан бөлек ағаш егу жұмысын Сарыбай және Соколов кеніштерінде жүргізді. Бұл аймаққа егілген қарағайлар өндірістік алаңның сәнін келтіріп қана қоймай, экологиялық мәселені де шешуге мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы «ССКӨБ» АҚ-ның арқасында Рудный аумағы айтарлықтай абаттандырылып, көшелері мен скверлері жасыл желекпен толыққаны белгілі. Айтар болсақ, көктемде кәсіпорын жұмысшылары Парк көшесінің бойына бал ағаштарын отырғызып, саябақ маңын көгалдандыруға да атсалысты. Ағаш отырғызу акциясы биылдың күзінде жалғасып, кеншілер 12 мың түп сүмбіл теректі Рудный-Қостанай тас жолының бойына екті. Сондай-ақ, қала аумағынан бөлек экологиялық шара бірлестік алаңында жалғасып, өнеркәсіптік нысандардың маңында жас қарағайлар пайда болды.
– Біздің Сарыбай тау-кен өндіру цехына жақында 250 түп қарағай ағашы жеткізілді. Цех мамандары экологиялық акцияға белсенді араласып, қарағайдың 150 түбі Сарыбай әкімшілік-тұрмыстық аймағына отырғызылса, қалған бөлігі «Соколов» кенішінің аймағына егілді. Яғни, асхана, әкішілік-тұрмыстық ғимараттар мен жолдардың маңы жасыл көшеттермен толықты, – дейді тау-
кен өндіру кешеніне қарасты әкімшілік-шаруашылық қызмет бастығы Андрей Лобачев.
Аталған көшеттер Ресейдің Пермь өлкесіндегі бақтардан жеткізілген. Қарағайлардың биіктігі қазіргі таңда 1-1,5 метрге жететін болса, өсе келе 50-60 метрге дейін биіктеуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, өсімдіктің бұл түрі аса күтім жасауды қажет етпей, тез өсуімен ерекшеленеді.
 – Ағаш отырғызудың қашан да пайдасы зор. Бос жатқан жерлерді абаттандырудың арқасында көрген көзді қуантып, экологияны жақсартуға, ауаны тазартуға септігін тигізеді. Бүгінде бірлестік тарапынан бұл бағытта ауқымды әрі тұрақты жұмыс атқарылып жатыр.  Осыдан бір ай бұрын біздің мамандар сүмбіл терек отырғызуға да атсалысты, – дейді бірлестік маманы.
Биылғы экологиялық акцияның қорытынды кезеңінде ССКӨБ және Қашар алаңдарындағы жасыл желектер шамамен 2000 ағашқа көбейген. Белгілі болғандай, қылқанжапырақты қарағайлардың мың түбі, сондай-ақ Қашар ауылындағы 2-ші және 3-ші ықшам аудандарының көркін келтіріп отыр. Экология жанашырлары мұндай шараларды келер жылы да жалғастыруды көздеп отыр.
 
Ерғали Убайдуллаев
Суретті түсірген автор
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓