Мал індеттеріне тосқауылды күшейту керек

– Алайда өңірдегі шаруашылықтар арасында талаптарды сақтамай, мал індеттеріне жол беріп жатқандары анықталуда. Облыстық инспекцияның аумақтық бөлімшелері жыл басынан бері 775 тексеру жүргізіп, 1263 мал дәрігерлік нұсқаулығы жазылды. Жалпы сомасы 6 миллион теңгеге жуық 228 әкімшілік айыппұлдар салынып, 20 ескерту жасалып отыр. Ал сегіз аудандық аумақтық инспекция өңірлердің ішкі істер бөлімдеріне сол аудандардан бруцеллез жұқтырып, басқа аудандарға әкетілген 73 бас ірі қара малды іздестіруге көмек сұрауға мәжбүр болды, – деді О.Батырбеков.
Өңір аумағында 295 мал өлекселерін көметін орындар бар. Алайда барлық елдімекендерде мұндай арнайы орындар болмай отыр. Шұңқырлар қазылып, оның жан-жағы қоршалмағандықтан, ашық жатқан жердегі өлекселерге келетін ит-құс, аңдар арқылы ауру түрлерінің таралып жатқаны мамандарды алаңдатады.
Аймағымызда Қарасу, Аманкелді, Әулиекөл, Қамысты, Жанкелдин, Денисов аудандарында бруцеллез кең тараған болса, биыл Федоров, Меңдіқара, Науырзым аудандарында да жағдай мәз емес. Әсіресе, Қарасу ауданының Ильичев (26%), Қарамырза (24%), Восточный (18%), Новоселов (10%) селолық аймақтарында дерт көп таралған. Инспекция басшысы аталған аудандағы бруцеллездің таралуы мал дәрігерлік бөлімдерінің тиісті алдын алу шараларын жүргізбеуінен дейді:
– Бруцеллездің айтарлықтай таралуына байланысты Меңдіқара, Қарасу, Сарыкөл, Алтынсарин, Арқалық, Әулиекөл, Жанкелдин, Денисов аудандарында 10 оқшаулау пункті ашылды. Және Қарабалық ауданында туберкулез бойынша оқшаулау орны жұмыс істеуде. Аталған орындарда республикалық деңгейдегі мамандар емдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтиже жаман емес. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша бруцеллездің таралуына шаруашылық басшыларының ветеринарлық-санитарлық талаптарды орындамауы, мал қамау ережелерін сақтамау қатарлы салғырттығы себеп болды. Аталған өрескелдіктерге байланысты ветеринарлық инспекцияның ықпалымен шаруашылық басшыларына айыппұл салынды.
Осылай деген О.Батырбековтың сөзін облыс әкімі бөлді:
– Облыстық аумақтық ветеринарлық инспекция тарапынан жоғарыда аталған талаптарды орындамайтын шаруашылықтарға айыппұл салып қана қоймай, олардың арасынан тым болмағанда біреуіне субсидия бермеу туралы ұсыныс болды ма? Өз басым ондайды көрген жоқпын.
Сондай-ақ, Нұралы Садуақасов неге екені белгісіз, салғырттыққа жол берді деген шаруашылық басшыларының немесе сол аудандардағы атқамінерлердің есімдері аталмайды, бұндай жағдай басқа басшыларға сабақ болу үшін олардың аты-жөндерін жасырмай, жариялау керек екенін ескертті.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген: Бағдат АХМЕТБЕКОВ.