Тілсіз жаудың әлегі

«Пәле қайда деме, аяқ астында». Қостанай ауданына қарасты Киров ауылында қос пәтерлі үй өртеніп кетті. Тілсіз жаудың кесірінен баспана қыстап шығуға жарамсыз болып қалғандықтан, екі отбасы туыстарының үйін паналай тұруға мәжбүр.
Үй иелерінің айтуынша, от екі пәтердің бірінде электр сымының қысқа тұйықталуынан тұтанған. Оқыс оқиға өткен сенбіде, тапа-талтүсте болды. Бұл кезде қайтқан үйде жаназа намазы оқылып жатқан. Қайғы жамылған отбасының шаруасына біріге жәрдемдесу – ауыл жұртының бұрыннан қалыптасқан әдеті. Тоғжан Сардарова да сол үйге көмектесіп жүрген еді. Күйеуі Жарас құс фабрикасына жұмысқа кеткен. Ал төрт баласы үйде болыпты.
Өрттің тұтанғанын бірінші көршілері байқаған. Бұл жерде де Киров тұрғындарының жұмыла кеткенін айтпай кетуге болмайды.
«Күндізгі сағат екі кезі. Ауылдың қыз-келіншектері ыдыс-аяқ жуып, тағы бір көмегіміз керек болып қалар деп, кісі жерленген үйге барғалы жатқанбыз. Киінетін жерге келсем, көк түтін. Пештің маңайын қарадым, ештеңе білінбейді. «Төбені қарап кел» деп ұлымды жіберіп, өзім де сыртқа беттедім. Сол кезде далада «көрші үй жанып жатыр» деген шуды естідім. Жанталасып, құжаттарды қалтама салып, сыймағанын қолтығыма қысып алып шықтым. Ауылдастарымыз да жүгіріп жүріп, көмек көрсетті. Кейбір заттарымызды терезеден алып шықтық», – дейді Мейрамкүл Ержанова.
Қамыс үй тез өртеніп, екінші пәтерге көше бастаған. Ол кезде өрт сөндірушілерге хабар берілген еді. Жарты сағаттың көлемінде олар да жетті. Құтқарушылар келгенше жаназаға жиналған жұрт шелектеп су құйып, қызыл жалынмен арпалысқа түсті. Өрт шарпыған үйдің терезесін сындырып, қалың түтін арасынан төрт баланы да аман алып шықты.
«Кіріп-шығып, көршімізге көмектесіп жүрген едім. Бір кезде «үйің өртеніп жатыр» дегенде, алып-ұшып жеттім. Әйтеуір балаларым дін аман екен, соған шүкір дедім. Темірлан мен Жомарт есімді ауылдастарым құтқарып алып шыққан. Оларға мың да бір рақмет! Мені өртенген үйге жақындатпады. Құжаттарымызды, керек-жарақ заттарымызды алып шыға алмадық. Тіпті балаларымның қысқы киімдері де өртеніп кетті», – дейді Тоғжан Сардарова.
Жданов ауылдық округінің әкімі Меңдіғали Ыбыраев зардап шеккен екі отбасыға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек турасында айтып берді.
«Заң аясында, белгіленген деңгейде берілетін көмекке құжат әзірлеп жатырмыз. Үйі өртенген тұрғындарға 70 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы тағайындалады. Жергілікті шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер де шет қалмайды деп сенеміз. Сонымен қатар, біреуі отын-суын, біреуі көрпе-жастығын беріп дегендей, оларға ауылдастарымыз қол ұшын созып жатыр. Біз, әкімдік те қарап отырған жоқпыз», – дейді Меңдіғали Ыбыраев.
Алайда, қақаған суықта далада қалған жандарға қандай көмек те артықтық етпейді. Әзірге оларға ағайынды паналап, амалдап күн көруге тура келіп тұр.   
Жалпы, Киров елді мекенінде 50 үй бар. Округ әкімінің айтуынша, қазір онда 8 үй бос. Бірақ ол үйлерді сатып алуға екі отбасының да жағдайы келмейді.
Жарас пен Тоғжан бұл ауылға 2018 жылы көшіп келген. Екеуі де 27-де. Жас отбасы қазір туысының үйін уақытша паналап отыр. Баспана мәселесі қалай шешілетіні белгісіз. Ал көршісі Жаңай Кершин бос тұрған үйдің бірін сатып алғысы келеді. «Туыс-туғанның арқасында біраз ақша жиналып қалды, енді бір «әуп» деп жіберсек» дейді отағасы. Қысқасы, екі отбасыға да қаржылай көмек қажет.
Көмектесемін деушілер болса, төменде олардың Kaspi Gold картасына тіркелген нөмірлерін қалдырдық. Бірлігімізді танытып, ел болып қолдау көрсетейік, ағайын!
+7 771 638 95 14  Тоғжан С.
+7 705 102 89 12 Мейрамкүл Е.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓