Президент сайлауының ресми қорытындысы жарияланды
Орталық сайлау комиссиясының отырысында 20 қарашада өткен Қазақстан Президенті сайлауының ресми қорытындылары жарияланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап 6 миллион 456 мың 392 адам (81,31 пайыз) дауыс берген.
Ал Жигули Дайрабаевқа 271 641 (3,42 пайыз), Қарақат Әбденге 206 мың (2,6 пайыз), Мейрам Қажыкенге 200 907 (2,53 пайыз), Нұрлан Әуесбаевқа 176 116 (2,22 пайыз) және Салтанат Тұрсынбековаға 168 731 (2,12 пайыз) дауыс берілген.
Кеше біз президент сайлауының алдын ала қорытындысын жарияладық. Енді барлық шешім негізінде біз 20 қарашада өткен президенттің кезектен тыс сайлауын толық қорытындылай аламыз. Жалпы, 8 300 046 адам өз таңдауын жасады, — деді Нұрлан Әбдіров.
Осылайша жексенбі күні өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті.