Әсия Беркенова: “Ертеңге деген зор сеніммен дауыс бердім”
Облыс орталығындағы КСК шағын ауданында сайлаушылардың белсенділігін аңғару қиын емес. Бозала таңнан ағылған жұрттың қарасы әлі басылар емес. Студенттер сарайында орналасқан №32 сайлау учаскесінде таңдау жасаған жандардың бірі – Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова. Ол дауыс беруді әр адамның ел дамуына қосқан үлесі деп атады.
"Бүгін ел болып күткен сайлау күні Президентімізді таңдап жатырмыз. Әркім өз таңдауын жасауда. Мен де қалауым бойынша дауыс бердім. Кандидатымның бағдарламасымен бір кісідей таныспын. Осы 30 жыл көлемінде кеткен қателіктерді қайталамай, жаңаруға, жақсылыққа бастаса екен деген тілекпен осы кісіге дауыс беріп отырмын. Өйткені, "саясаткер сайлауға үміт артады, мемлекеттік қайраткер ұрпаққа үміт артады" дейді. Менің ойымша, таңдаған үміткерім әрі саясаткер, әрі қайраткер десем болады. Ертеңімізге сенейік. Сенімсіз өмір – сейілген үміт. Сондықтан, ертеңімізге сенімді болғым келеді. Сондай сеніммен дауыс бердім. Ұрпағымыз жақсы заманда өмір сүрсе екен, өз жеріне, еліне ие болса екен. Тек еліне сеніп жүре бермей, өздері де барынша үлес қосса екен. Өз басым еш нәрсеге бейжай қарай алмағандықтан, тіл десек те, ұлт десек те, шамам жеткенше қызмет істеп жүрмін деп ойлаймын. Жас ұрпақ та сондай болса екен. Жалпы мына прогрестің қозғаушы күші мен сияқты тынымсыз, әрқашан еш нәрсеге бейжай қарай алмайтын жандар деп түсінемін. Жастарды да, отандастарымызды да еш нәрсеге енжарлықпен қарамауға шақырамын, – дейді Әсия Беркенова.
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.