Арқалықтықтар да таңдауларын жасап жатыр
Ел тарихындағы маңызды саяси шараға Арқалық қаласының тұрғындары да жақсы көңіл-күймен атсалысуда.
Жалпы, Арқалық қаласы мен оған қарасты ауылдарда 30 сайлау учаскесі құрылған. Оның 12-сі қалада, 18-і ауылдық мекендерде орналасқан. Әр учаске қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға пандус, естуі нашар адамдарға құлаққаппен жабдықталған компьютерлер, тактильді трафареттермен (Брайль шрифті) қамтылған.
Арқалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Арыстан Айтмағамбетовтің мәлімдеуінше, аймақтағы сайлаушылар тізімі 23 800 дауыс берушіні құрайды. Сайлау учаскелерінде 190 адам жұмыс істесе, олардың бәрі де тәжірибелі мамандар.
Сайлаушылардың қатарында алғашқылардың бірі болып қала әкімі Әмірхан Асанов та өз таңдауын жасады. Сайлау учаскелерінде сайлауға белсенді қатысқандарға, яғни бірінші болып дауыс бергендерге, белсенді қарияларға сыйлықтар табыс етілді.
Қабжәлел Рашев, қала тұрғыны:
-КБРУ-дың «Тарлан секьюрити» филиалының күзет қызметінде жұмыс істеймін. Жұмыс ыңғайына байланысты сайлауға ертелетіп келген едім, сыйлық алдым. Президентіміз сайланып, алға қойған мақсаттарымыз орындалсын. Ел-жұртымыз тыныштықта өмір сүрсін.
Шәріпжамал Мұхамеджанова, зейнеткер:
-Жасым 73-те. Отанымыздың тыныштығын, бала-шағамыздың амандығын ойлап, сайлауға өз үлесімді қосайын деп даусымды беріп жатырмын. Заманымыз тек бейбітшілік болсын деп тілеймін.
Сандуғаш Какенова, №103 сайлау учаскесінің төрағасы:
-Комиссия мүшелері таңертеңгі сағат алтыдан бастап өз міндеттеріне кірісті. Сағат жетіде еліміздің Әнұраны ойнатылып, сайлау учаскесі жұмысын бастады. Бақылаушылар мен БАҚ өкілдері келіп, қатысты. Халық өз таңдауларын жасап жатыр. Өтініштері бойынша үйден дауыс беретін кісілерді де қамтимыз.
Мәдина Бүркітбаева, бақылаушы:
-№104 сайлау учаскесіне «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан бақылаушы болып отырмын. Сайлау учаскесі уақытымен ашылып, комиссия мүшелері барлығы орнында болды. Бүгін барлық сайлау учаскелерінде көңілді әуендер ойнап тұр. Сондай-ақ, қаланың шеткері орналасқан «Ақбидай», «Нефтебаза» кенттеріне тегін автобус қатынасы ұйымдастырылды.
Мұрат Жүнісұлы,
Арқалық қаласы.