Облыстағы жасы ең үлкен сайлаушы – ғасыр асқан Нақан әжей
Науырзым ауданының Өлеңді ауылында тұратын кейуана Нақан Суюбаева 103 жасқа келген. Бүгін әжей елді мекендегі №648 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Бұл туралы Qostanai.media тілшісі жазады.
Көз нұры тайса да, көкірегі ояу, көңілі зерек, санасы сергек қария елдегі әр жаңалыққа құлақ түріп, зейін қойып, елеңдеп отырады. Сүйегі асыл кейуананың жалғыз арманы – ұрпағының бейбіт елде, тыныш заманда бай-бақуатты тірлік кешуі.
"Дауыс беруге бардым, қолымды қойдым. Мына көзімнен айрылып барамын, сонда да өз қолыммен қол қоюды жөн санадым. Бұл – менің ел болашағы, балаларым мен немерелерімнің жарқын келешегі үшін жасаған таңдауым. Ұрпағымыз аман болсын! Артымыздағы жастар аман болсын. Ауданымыз көркейе берсін. Әрқайсысы Қазақстанымыздың жақсы бір азаматтары болып өссін! Өне берсін! Қазағымыздың санын көбейте берсін, – дейді кейуана.
Ғасыр асқан кейуана ауылдастарының сайлауға белсенді қатысуына зор ынта беріп, үлкен үлгі көрсеткендей.