Науқан ойдағыдай, көңіл тойдағыдай

Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы Рудныйда да қызу қарқынмен жүріп жатыр. Дауыс беруге келіп жатқан халықтың нөпірі қалың.Кеншілер қаласында 48 учаскеге 82077 сайлаушы тіркелген. Әр тұрғынның саяси науқанға еш кедергісіз қатысып, өз таңдауларын жасауға қалтқысыз қызмет көрсетіліп жатыр. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар жандарға айрықша көңіл бөлінуде.
Рудныйлықтар елде  бұған дейін өткен сайлауларда да елгезектігімен ерекшеленген. Айталық, референдум кезінде тұрғындардың 72%-ы белсенді қатысып, азаматтық позицияларын танытқан еді. Осы жолғы Перзидент сайлауына да жауапкершілікпен қарағанын аңғару қиын емес. Әр учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету ерекше назарда ұсталып отыр. №138 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Марина Прохорова осы жөнінде мәлімет берді."Бұл учаскеге тіркелген сайлаушылар саны – 2120. Олардың ішінде, мүмкіндігі шектеулі 17 адам бар. 58 адам алғаш рет дауыс береді. Қазір мұнда жеті бақылаушы жұмыс істеп жатыр. Олар – "Аманат" партиясының жанындағы "Жастар үні" қоғамдық бірлестігі, "Партиялық емес бақылау орталығы" ҚБ, Қазақстан жастар ақпараттық қызметі, облыстық "Қостанай таңы" газетінің өкілдері, Президенттікке үміткер Қ.Тоқаевтың және Ж.Дайрабаевтың сенімді тұлғалары", – деді хатшы.
Ал №136 учаскеде бақылаушы қызметін атқарып жатқан "Жастар үні" ҚБ "Бақыла" қозғалысының өкілдері мойындарына жүктелген міндеттер туралы айтып берді.
"Біз өмірімізде бірінші рет осындай жауапты қызметті атқарып отырмыз. Мұнда бейберекетке жол бермеу, кабиналарға адамдарды топпен кіргізбеу, бір-біріне үгіт, кеңес бермеуін, жалпы бәрінің әділ өтуін қадағалау міндетімізге кіреді. Жұмысқа таңғы 05:45-те кірістік. Бәрі тыныш, ешқандай ереже бұзушылықсыз өтіп жатыр. Халық көп келу үстінде, ерекше белсенді. Жұмысымызды кешкі 20:00-де аяқтаймыз", – дейді аталған учаске бақылаушысы Тимур Тұрғанов.Президент сайлауына үй-ішімен келіп жатқандардың қарасы көп. Мысалы, ерлі-зайыпты Қадыржан-Гүлнәр Кәкеновтер азаматтық жауапкершіліктерін сезініп, ел-жұртпен бірге екендерін білдіруге келгендерін айтады.
"Біз сайлауға үнемі қол ұстасып бірге келеміз. Рудныйда тұрып жатқанымызға үш жылға жуықтады. Зейнет жасындамыз. Балаларымыз да есейді. Бәрі де мемлекеттік маңызы бар істен шет қалып көрген жоқ. Елді көркейтетін жақсы басшы болса деген үмітпен дауыс беріп отырмыз", – дейді отанасы.Ал Мейрам-Динара Сейденовтен жанұясы учаскеге өздерімен бірге кәмелетке томаған балаларын ертіп әкеліпті.
"Мейрам екеуіміз осы Рудный қаласында жұп түзедік. Ол кісі 2000 жылы Науырзым ауданынан, мен 2001 жылы Әулиекөл ауданынан көшіп келдім. 2005 жылы шаңырақ көтердік. Баламыз Құдірет 12 жаста. Бүгін дауыс беруге ұлымызды арнайы ертіп келдік. Мұндағы мақсатымыз – сайлаудың қалай өтетінін көрсін, білсін, болашақ дауыс беруші ретінде мұның мән-маңызын сезінсін деген ниет", – дейді Динара Жанатқызы.Әр учаскеде азаматтық борышын тұңғыш рет атқарған бозбала-бойжеткендер тіркеліп жатыр. Айталық, №135 учаскеде дауыс берген Әсем Тұралинаға, №145 учаскеде таңдау жасаған Мирас Мейірімханға және басқаларға тәтті сый-сияпат тарту етілді. Келімді-кетімді жұрттың көңіл-күйін көтеріп, ән-күйден шашу шашып жатқан мекемелер бар.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓