Сайлау: Қашар кентінің тұрғындары белсенді
Рудный қаласына қарасты Қашар кентінің халқы саяси науқанға белсенділікпен кірісті. Жасы да, жасамысы да таң атқалы өз таңдауларын жасауға асығып жатыр. Сайлауға тұңғыш рет қатысқан жастардың бірі — Ержан Жақсымұратов. Ол таяуда ғана 18 жасқа толған. "Ел болашағы үшін маңызы зор оқиғаға қатысуды азаматтық парызым санадым. Өзім Рудный политехникалық колледжінде оқимын. Бірақ тұрғылықты жерім — Қашар кентінде, №160 сайлау учаскесінде дауыс бердім",- дейді Ержан. Елді мекендегі саяси доданың өту барысы туралы кент әкімі Саят Ахмеджанов ақпарат берді.
"Жалпы, Қашарда бес сайлау учаскесі бар. Олардың бірі — ауруханада орналасқан №177 участок жабық режимде жұмыс істеп жатыр. Статистика бойынша, қалада 12154 халық тұрады. Солардың 6871-і 5 учаскеге тіркелген",- деді Саят Қайролаұлы. Қашарда сайлаушылар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, №157 учаскеде тәтті тағамдар сөресі жайылып, тұрғындардың жеңіл-желпі азықтануына мүмкіндік қарастырылыпты. Мақсат — тарихи маңызды күнді мерекеге бергісіз етіп өткізу.