Ескерткіштерді қорғауға кім жауапты?
Ескерткіш дегеніміз – тарихи-танымдық құндылығы мол мәдени мұраларға жатады. Ескерткіш – елдіктің бейнесі, өткенге құрмет көрсетудің жарқын үлгісі. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары елімізде ескерткіштердің саны еселеп артты. Бұрын есімдерін атауға рұқсат етілмеген, қазақтың бостандығы мен азаттығы жолында күрескен тұлғаларға көптеген ескерткіштер қойылып, олардың есімдері жас ұрпаққа жете танытылуда. Алайда, соңғы жылдары қойылған кейбір ескерткіштердің сапасы мүсін өнері тұрғысынан қарағанда сын көтермей жатады.
Былтыр көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің Ұлытау облысының Жаңарқа ауданындағы ескерткіші әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Тас мүсінге мін таққандар сәтсіз шыққан туындыны кейіпкерге ұқсата алмай дал болды. Бір қайнауы жетіспей тұратын ескерткіштер туралы әңгіме бөлек тақырып. Біз тарихи мұраларды күтіп-ұстау, қорғау мәселесін сөз етпекпіз. Өйткені, Қостанай қаласында ескерткіштердің теңгерім ұстаушысын анықтау мәселесі және мүсіндерді күтіп, ұстауға арналған қаражат тапшылығы туындап отыр. Бұл туралы Қостанай қаласының әкімдігінде өткен аппарат кеңесінде сөз болды.
Қазіргі күні Қостанай қаласында 49 ескерткіш бар. Оның үшеуі республикалық, 46-сы жергілікті маңызы бар мұраға жатады. Сондай-ақ, 76 тарихи-мәдени нысан, 108 мемориалдық тақта бар. Былтыр облыстық мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраларды қорғау инспекциясымен бірлесіп, ескерткіштердің техникалық жағдайын бақылау мақсатында төрт іс-шара жүргізілген. Соның нәтижесінде ТКШ бөліміне мәдени мұраларды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізудің қажеттігі туралы хаттар жолданған. Соңғы үш жылда А.Байтұрсынов, Б.Майлин, А.Пушкин ескерткіштерінің тұғырлары орнатылған беткі тақталар толығымен ауысытырыпты. Жөндеу жұмыстарын "Таза жол" ЖШС жүргізген.
Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айсұлу Әубәкірованың айтуынша, облыс орталығындағы 108 мемориалдық тақтаның 16-сы жаңадан ауыстыруды талап етеді. Жазулары өшіп қалған, оқуға мүлде келмейді. Ескіргені сонша мән-мағынасы жойылған мемориалдық тақталар да бар екен. Он екі тақта орнатылған жерінен мүлде жоғалып кеткен. Олардың қайда кеткені немесе жойылғаны белгісіз.
– Мұндай жағдай мемориалдық тақталарды күтіп-ұстау, ауыстыру және жою жұмыстары ешбір нормативтік-құқықтық актілермен реттелмегендіктен туындап отыр. Ескерткіштерді күтіп ұстауға қатысты тұрғындардың өтініші мәдениет бөліміне келіп түседі.
Алайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында ескерткіштерді орнату және тексеру ережелері ғана белгіленген. Ал оларды күтіп, ұстау жағы тасада қалып отыр. Бұл мәселе жайлы әріптестер арасында бұған дейін айтылды, – деді А.Әубәкірова.
Тарихи мұраларды орнату мәселесі заңнамада қарастырылғанымен, оларды кейін күтіп, ұстауға қаражат бөлу жағы ұмыт қалған. Қала әкімі Марат Жүндібаев аталған мәселені бақылауға алып, тиісті министрлікпен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Қымбат ДОСЖАНОВА.