Мәселе жатақханада!

Қостанайда тағы бір студенттер жатақханасының құрылысы басталды. IMG-20200611-WA0011Естеріңізде болса, осыған дейін медициналық колледжге қарасты жатақхананың салынуына сол маңдағы тұрғындар наразылық танытқан еді. Айтатын уәждері – аула тарылып қалады, медколледж студенттері қазірдің өзінде ауланы өз машиналарымен бөгейді, темекі шегеді, боқтап сөйлеседі, музыканы қатты қояды. Мұнда жатақхана пайда болғаннан кейін жағдай ушығуы мүмкін дегенге саяды. Бірақ, нақты келтірер дәлелдері жоқ. Жергілікті тұрғындар жатақхана құрылысына 2018 жылдан бері қарсылық білдіріп келеді. Ал ол  бүгін ғана туындаған мәселе емес, 2002  жылдан бері күн тәртібінде тұр. 48fe3c30-bf9b-4ece-8f3e-5327f02e0147Қостанай жоғарғы медициналық колледжінің директоры Әйкерім Оспанованың айтуынша, ол кезде бюджетте басы артық қаражат болмағандықтан, мәселе шешімін таппаған көрінеді. Тек, осыдан екі жыл бұрын ғана тиісті қаржы бөлініп, болашақ құрылыс нысанының жобалық-құндық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Колледжге қарасты жер телімі қалалық әкімдіктің құрылыс бөліміне берілді.  Міне, жоғарыда айтқан дау-дамай осы кезде басталды. 
-Жыл сайын бізде мыңға жуық студент оқиды. Соның 450-і жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жатақхана салынса, олар ақшасын үнемдер еді. Қанша дегенмен жалдайтын пәтер құны, жолақысы студенттеріміздің қалтасына біраз салмақ түсіреді. Біздегі студенттердің 65%-і   ауылдардан, басқа қалалардан келген. Біз оларға лайықты жағдай жасауымыз қажет. Амандық болса, биыл тағы 475 абитуриент қабылдаймыз.  Жалпы, білім ошағында оқитындардың саны 2018 жылға қарағанда 62%-ке өскенін көрсетіп отыр. Соның ішінде 75 талапкер тоғызыншы сыныпты бітірісімен медициналық колледжге түсуге ниет білдірді.  Олар кәмелеттік жасқа толмаған. Барлық студентке  жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Мен сізге айтайын, осы уақытқа дейін студенттерге көршілеріміз тарапынан  ешқандай шағым түсіп көрмеген. Әкімшілік-құқық бұзушылықтар болған емес.  Яғни, студенттердің тарапына айтылып жүрген айыптаулар негізсіз,-дейді оқу орнының директоры. Айгерим Оспанова
Осы мақаланы әзірлеу барысында біз көптеген маманмен жүздестік. Пікірлеріне құлақ түрдік. Бәрі де бірауыздан жатақхана құрылысын қажет деп санайды. Өйткені, еліміздің әр қиырынан оқу іздеп келген жастарға жақын жерден қатынау өте қолайлы, әрі сабақ үлгерімдеріне айтарлықтай әсер етеді. Оның үстіне кіші буынды медицина мамандарын даярлау мәселесі бір ізге түсер еді.
– Бүгінде облыста медициналық кадрлар мәселесі өткір тұр. Бізде медбикелер жетіспейді. Оларды не өзімізде, не Арқалықта оқытпасақ, сырттан әкеле алмаймыз. Жатақхана  пайдаланауға берілген соң, біз медбикелерді 9-сыныптың базасында оқыта бастаймыз. Олар әлі бала ғой, бар жауапкершілік бізге артылады. Студент баспанасының оқу орнының жанында болуы қауіпсіз әрі үнемі бақылауда болады,-деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вячеслав Дудник тұрғындармен кездескенде. Айдана Хамитова
 -Мен негізі, қалада тұрамын. Бірақ топ старостасы ретінде барлық студенттердің жағдайларына қанықпын. Жатақхана салынса  көптеген студенттің әлеуметтік-қаржылық жағдайы шешіледі. Қыздар қосылып, бірге тұрғанның өзінде  айына 20-25 мың теңге пәтерақыға кетеді. Көбісі алыс аудандарда тұрады. Олар автобуспен қатынайды. Жолақысы бар, күнделікті ас-суының бәрін есептесек, жалғыз шәкіртақының жетпейтіні белгілі. Кейде ата-аналарынан ақша сұрайды. Кейде жетпей жатқанда біз көмектесеміз,-дейді колледждің екінші курс студенті  Айдана Хамитова.
Жатақхана құрылысының басталғанынан хабардар ата-аналар да мәселенің оң шешілгеніне разы.  Өйткені, бәрінің студент баласы бар. Олар өз перзенттерінің бөгде қалада пәтер жағалап жүргенін қаламайды. Тіпті, бүгінгідей пәтерақы күннен күнге қымбаттап жатқан кезде жатақхана мәселесі  әлеуметтік жағдайды реттейді деп үміт артып отыр.Айман
-Ана ретінде мен жатақхананың салынуын қуана қолдаймын. Біз бұрын жұмыс бабымен ауданда тұрғанбыз. Сол кезде балам оқыған. Жатақхананың студент үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Әсіресе, қыз бала үшін жатақхана қауіпсіз деп ойлаймын. Қазіргі кезде жатақхана оқу орнының қасында болса көп мәселені шешеді. Жалдамалы пәтер иелеріне  сенудің өзі қауіпті. Барлық адам бірдей емес. Жас бала алданып қалуы да мүмкін. Пәтерақының қымбаттығынан бір орыннан екінші бір орынға көшіп жүруі де жайсыздық туғызады. Оқуына да кері әсерін тигізеді. Егер бала жатақханада тұрса белгілі бір сома төленеді де, қалғаны өзінің күнделікті күнкөрісіне жұмсалар еді. Кез келген оқу орнында жатақхана болуы керек,-дейді қала тұрғыны Айман Абдуллина.
Қостанайда, оның төңірегінде қаншама мықты дәрігерлер, медицина мамандары қызмет етті. Бүгінде олардың көбі зейнеттік демалыста. Жастары ұлғайған. Олардың орнын кім басуы керек? Әрине, осы өзіміздің жоғарғы медициналық колледжде оқып жатқан жастар басуы тиіс. Қазір еліміздің кез келген өңірінде медицина мамандары қат. Оларды көбірек даярлау қажет. Мамандыққа деген қызығушылығын ояту керек. Ол үшін әрине, уақыт сұранысына сай ғимараттар, жатақханалар салынғаны абзал. Купей Мальчубаева (1)
-Бұл мәселе өзі он жылдан бері көтеріліп келеді. Жылда кейінге шегеріледі. Мүмкін қаржы болмаған шығар. Осыдан төрт жыл бұрын бір жиналыста мен жатақхана салу мәселесін көтергенде кейбір басшылар қарсы болған. Президенттің өзі студенттерге лайықты жағдай жасау қажеттігін айтып жүр. Кеше коронавирусқа қарсы медицина мамандары қалай күресті. Енді оларға да қолайлы жағдай туғызудың реті келді ғой деп ойлаймын. Екі күн бұрын бізді қоғамдық кеңес жинады. Сонда құрылыс жүріп жатқан жерді аралап көрдім. Мен заңға қайшы ешқандай әрекетті байқамадым. Ертең құрылыс жұмыс біткенде жатақхана маңы абаттандырылады. Тұрғын үйлердің маңайында балалар алаңы, көлік тұрағы болады. Сондықтан, мен бұл бастаманы әбден қолдаймын,- дейді  байырғы дәрігер Көпей Малшыбаева. – 
Болашақ жатақхана тоғыз қабаттан тұрады. 250 орынға шақталған. Ішінде студенттерге қажетті нәрсенің бәрі болады. Жан-жағы абаттандырылады. Коммуналдық жүйелері ауыстырылады Осының бәріне бюджеттен 656 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын қолға алған «Рудный Соколов строй» ЖШС мердігерлік компаниясы ғимаратты желтоқсан айында тапсыруға уәде етіп отыр.  

Әлібек Ыбырай
Суреттерді түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓