Жұмыстан қуылуы мүмкін: Рудныйлық шенеунік қызметкерді балағаттады
Ар-намысы тапталған әкімдік коменданты Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқармаға шағымданды.
Қала әкімінің орынбасары Әнуар Есқатов әкімдік ғимаратына жауапты қызметкерді жұрттың көзінше балағаттап тастаған. Ол бақылау жүйесіне бағынғысы келмей, кіріп-шығу қондырғысы жолын бөгегені үшін айқай шығарыпты. Қосалқы есіктің жабық тұрғаны тіптен ашуландырып, комендантты жерден алып, жерге салған.
«Жертөле қабатынан көтеріліп келе жатсам, кіреберісте әкім орынбасары тұр екен. Артқы есіктің неге жабық тұрғанын жекіріп сұрап, күзетшілердің, сантехниктердің көзінше айқайға басты. «С*ка, қосалқы есікті жапқан сен бе?», «Мынау мақұлық артқы есікті әдейі жауып тастапты!» деп сөкті. Психологиялық қысымға шыдамай, жылап жібердім», – деп шағым айтты қызметші әйел.
Ол мұны жылы жауып қоя салмай, облыстық басқармаға арыз түсіруді ұйғарған. Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес қызметтік тергеу жүргізді. Барлық куәгер бұл деректі бір ауыздан растап, Есқатовтың ғимараттан шығар кезде өткізу жүйесін үнемі қолданбайтынын айтыпты.
«Орынбасардың өзі жауап алу кезінде бейәдеп сөйлемегенін, тіпті мұндай жағдайдың болғаны есінде жоқ екенін айтты. Оның сөзінен ешқандай өкіну нышанын байқамадық, сондықтан оған максимал жаза беруді талап еттік, – дейді кеңес мүшелері.
Мемлекеттік қызметшінің ар-ождан кодексін айқын бұзғаны дәлелденіп, Рудный қаласының әкіміне 15 жылдық еңбек өтілі бар Есқатовты жұмыстан шығару ұсынылды.