Лисаковтағы атыс: оқиғаның егжей-тегжейі

Лисаков қаласында күні болған жан түршіктірерлік оқиғаға қатысты толығырақ мәлімет берілді. Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні Лисаковтың №3 шағын ауданында зейнеткер мазасын алған көршілеріне оқ атқаны туралы хабар тараған болатын. Осы деректің егжей-тегжейін облыстық ПД тұлғаға қарсы қылмысты тергеу бөлімінің басшысы Артем Ткаченко айтып берді.
Оның мәлімдеуінше, сол күні 33 жастағы әйел 102 нөміріне жапа шеккені туралы шағымданған. Ол анасы екеуіне әлдекімнің оқ атқанын айтыпты. Дереу оқиға орнына полицейлер барады.  Тәртіп сақшылары үйдің кіреберісінде тұрып, қарулы адамға ескерту жасаған, ал ашуға мінген қарт оларға пысқырып та қарамапты. Осы жерде атыс басталған.
"Жалпы алғанда, қылмыскер 10-нан астам, ал полицейлер 8 рет оқ атқан. Ер адам "Сайга-410" карабинімен қаруланған. Кейін анықталғандай, оның үйінде 50 шақты патрон сақталған екен. Олар ірі көлемді жабайы құс атуға арналған", – деді А.Ткаченко.
Полицейлер қорғаныс амалымен және кеңістік сақтау үшін аулаға шығуға шешім қабылдаған. Ал қарулы тұрғын оларды соңынан аңдып, оқ атуды жалғастырған.
"Үш полицей сыртқа қарай ұмтылып, тергеуші оларды қалқалап, соңғы болып шыққысы келген. Алда-жалда ол қылмыскермен бетпе-бет келіп қалып, екеуі бір-біріне оқ атады. Тергеуші білегінен жараланды. Қарсыласы да жарақат алған. Осы кезде көлік рөліндегі полицей тәуекелге барып, атқышқа тарпа бас салып, қолынан қаруын қағып түсірді, сондай-ақ самбо әдісімен алып ұрып, оны мүлдем дәрменсіз халге түсірген", – деп хабарлайды бөлім басшысы.
Дегенмен, ол пәтеріне жасырынып үлгерген. Ол сол жерде кейінірек ұсталды. Үйдің кіреберісінен оқтан жараланған екі әйел – анасы мен қызы табылды. Ішкі істер органдарының қызметкерлері зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырды. Жарақат алған қылмыскер жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Сонымен қатар, жараланған отанасы қаза тапты. Ауыр жараланған қызы дәрігерлер бақылауында. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүріп жатыр, енді прокуратура қару қолдану қаншалықты заңды болғанын зерттейді.
Полиция мәліметіне сүйенсек, қару иесінің оны пайлануға рұқсаты болған. Кейін белгілі болғандай, оның марқұм әйелмен және оның қызымен арасындағы шиеленіс көптен бері жалғасып келген. Оқиға кезінде атқыштың әйелі пәтерде болған.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓