Жұмабике НҰРСЕЙІТОВА: “Ауылда еңбек ету қиын емес”
Осыдан он бір жыл бұрын Қостанай облысы бойынша ең үздік екі ұстаздың бірі болып Астана қаласында ҚР Білім және ғылым министрінің құрметіне бөленген
Жұмабике НҰРСЕЙІТОВА бүгінде Шолақсай жалпы білім беретін мектебінің директоры. Науырзым аудандық мәслихатының депутаты. Қоғамда белсенді. Бұл жетістіктерге өзінің табандылығының, еңбекқорлығының арқасында жетті.
Төр – мұғалімдікі
Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың "Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі" деген сөзі Жұмабике Сейілқазымқызының өмірлік ұстанымы. Биыл ұстаздық қызметте жүргеніне 34 жыл. Рудный қаласындағы педагогикалық училищесінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірген ол қазір тәжірибелі маман.
– Алғашқы еңбек жолым Қожа ауылында басталды. Ең бастысы, өзім білім алған мектеп. Есімде қалғаны, алғаш рет мұғалім болып мектепке кіруге ұялып, есіктің алдында жарты сағаттай тұрғаным бар. Қоңырау соғылып, балалар мектепке кіріп жатыр. Кірейін десем, Гүлбану Ғабдулина апай дәлізде тұр екен. Ол кісіні қатты сыйлайтынбыз. Ол кезде мұғалімдерден жасқануда бар еді ғой. Әйтеуір, қысылып кіріп, апайыммен кездесіп, ақ батасын алып, екінші күні "батыр" болып кірдім-ау. Сол күннен бастап ұстаздық әлемнің төріне үлкен жүрекпен жол аштым.
Қазір білім саласында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Жас мамандарға қойылатын талап жоғары. Тест тапсырудан өтеді. Бұл ауылдық жерлерге педагог мамандарды тартуда кедергі келтіруде. Ауылды бетке алып келіп, жұмыс жасаймын деген жастардың жігері жасымау керек деп ойлаймын. Биылғы оқу жылында ауылға келер жас мамандардың көбі арнайы біліктілікті көтеру тестінен өте алмай қалды. Бірі тапсыра алмаса, бірі үлгіре алмай қалды. Мен өзім ауылда өсіп, өндім, ауылда еңбек етіп келемін. Ауылдық жерде жұмыс істеу қиын емес. Елімізде күн сайын өзгерістер болып жатыр. Қазіргі таңда ауыл мектебі қала мектебінен кем емес. Бұрынсоңды бір компьютерге екі адамнан отырушы еді, қазір әр баланың үйінде бар. Келген өзгеріс бір жағынан қуантса, екінші жағынан қиындық туғызатын секілді. Ең жаманы – оқушылардың кітап оқымауы. Компьютер мен телефонды "өз бауырындай" көретін жастарымыз кітап оқудан қалып барады. Тек, көңілге қуаныш ұялататыны "Оқуға құштар мектеп" жобасының жүзеге асырылып жатқандығы. Сонымен қатар, ауыл ұстаздарын толғандыратын мәселелердің бірі – мектептің материалдық техникалық базасының аздығы. Әсіресе, ауылдық мектептерде балаларды еңбекке баулитын оқу кабинеттерінің жоқ. Бала ауылдық мектепте еңбекке шыңдалып, шынығуы керек. Тіпті, қарапайым ағаш жонғыш та жоқ. "Көш жүре түзеледі" дейді. Бұл олқылықтың орны толар. Басшылық қызметпен бірге, қазақ тілі маманымын. Биылғы оқу жылында дайындаған оқушым Айбын Баймағамбет облыста бі-рінші орын алып, республикалық жарысқа қатысты. Жақында "Көптілді білім беруде тілдер мен пәнді кіріктіріп оқыту әдістемесінің маңыздылығы" тақырыбында халықаралық ғылымипрактикалық конференцияға қатысып, тәжірибемен бөлістім.
"Өмірдің мәні – әйелде"
– Әйелдер күштері альянсының құрамындамын. Бір байқағаным, ауылдық жердің басым бөлігі әйел заты. Кейбір маңызды шешімдер қабылданған кезде нәзік жандылар назардан тыс қалып жатады. Біз қазір Римма Шыңғысқызының басшылығымен зорлық-зомбылық деңгейін төмендету, алимент өндіру мәселелерін шешіп, қиын жағдайда қалған біраз әйелге көмек көрсетудеміз. Өткен жылы Шолақсай орта мектебінің тұрмысы төмен екі оқушысы оқуға түсе алмай, тегін білім алуларына көмектесті.
Өмір – күрес. Адам ешқашан еңбектен қашпауы керек. Еңбекке деген талпынысымды көрген ел ағалары, әкімдік мамандары Науырзым ауданы мәслихатына депутаттықа ұсынды. Мерекелік күндерде жалғызбасты, көпті көрген қарияларды құттықтап өту басты назарда. Қыстың күндері ауылдағы қарт әжелерімізге қолғабыс көмек көрсету үшін мектептің жас мамандары арасында "Еріктілер" тобы құрылды.
Бос уақытымда баспасөз бетіне қалам тартқанды да ұнатамын. Шақырылған іс-шараларда, немесе қандай да бір ортада кез келген тақырыпты іліп әкетіп, ол туралы толыққанды мәлімет беріп, газетке жазу жаныма жақын.
БЛИЦ-САУАЛ
– Қандай жағдайларда еріксіз көзіңізге жас келеді?
– Көздің жасы. Иә, әлі есімде менің көзімнен шыққан жас қуаныштан болатын. 30 жасымда әже атанғанда қатты қуанып жылап жібердім.
– Демалыс күндерінде оқуға немесе тамашалауға қандай кітап немесе фильмді айтар едіңіз? Не себепті?
– Демалыс күндері бос уақытта отандық киноларды көргенді жөн санаймын. Режиссер Жанна Исабаеваның "Тағдыр", Асқар Ұзабаевтың "Аға" киноларын ұнатамын. Уақыт табылғанда Ә.Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар", М.Әуезовтың "Абай жолы" кітаптарын оқимын.
– Өмірдің мәні неде?
– Мен үшін өмірдің мәні – ол өзің ұнатқан іспен айналысу. Еліңе адал қызмет ету. Ағайын, туыс-бауырмен жақсы қарым-қатынаста болу. Үлгілі, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеу. Ынтымақты отбасы бола білу.
– Сізде демалыс бола ма?
– Әрине, демалыс болады. Бірақ жұмыс бабымен демалысты уақытымен өткізе алмайтын да кездерім де жоқ емес. Демалысқа шыққанмен жұмыста болатын кездер көп. Оған өкінбеймін. Өйткені, өзің ұнатқан істе еңбектің қайтарымы бар.
Науырзым ауданы,
Шолақсай ауылы.
СУРЕТТЕРДЕ: Ж.Нұрсейітова және отбасымен бірге.