Судан келер қауіп жоқ

Әулиекөл кентінде жақында ғана пайдалануға берілген  жаңа үйлердің маңайы көлкіген су. Әлеуметтік желіде айналасы бір айдың ішінде салынып, елдің игілігіне айналған баспаналардың жаңбыр суының құрсауында қалған суреттері мен бейнежазбалдары тарады.  Қазіргі уақытта үй маңында жиналған суды сору  жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнайы кезекшілік кестесі құрылған.   "Бірлік" шағынауданындағы  тұрғын үйлерге кәріз жүйесін тарту  үшін  жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сосын  құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Бүгін аудан әкімі Ерлан Теменов  шағын аудандағы су басқан үйлердің тұрғындарымен кездесті. Ол кездесуге келген алпыс шақты тұрғынмен бірге мәселені егжей-тегжейлі талқылады. Аудан басшысы  тиісті мекемелерді жұмылдыруып, үйлердің маңайын құрғату  жұмыстары жедел қолға алынғанын айтты. 
Қалыптасқан жағдайға қатысты  түсінік берген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қолданыстағы септиктер мердігерлердің қаражаты есебінен орнатылғанын алға тартты. Айтуынша,  тиісті жобалар әзірленіп жатқан көрінеді. 
– Әулиекөл ауданында өрттен зардап шеккендерге арналған 91 тұрғын үй салынды. Жобада септиктерді орнату қарастырылмаған. Бірақ, мердігерлер есебінен уақытша септиктер қазылды. Күннің күрт жылуы мен бірнеше күн бойы толассыз жауған қар аралас жаңбырдың салдарынан   тұрғын үйлердің маңайына  әжептәуір су жиналды. Бұдан салынған үйге келер қауіп жоқ.  Инженерлік-геологиялық зерттеулерге сәйкес үйлердің іргетасы ылғалдың түсуінен қорғалған, үйлерге су кірмейді, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Танжарықов.

Әлібек Ыбырай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓