«Оқу, тәрбие, жақсы көру»
Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті. «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» символикалық атауын алған астаналық педагогикалық форумның еліміздегі Балалар жылына орайластырылған басты шаралардың біріне айналғаны қисынға сай.
Конференцияда 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері бас қосты.Астанаға әлемдік білім беру саласының ең танымал өкілдері келді: Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж(Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония).
Конференция делегаттарын Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қарсы алды.
Конференцияның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.
Астаналық форумның күн тәртібінде ақпараттық қоғам контекстіндегі функционалдық сауаттылық, жас мұғалімнің кәсіби дамуы, қалыптастырушы бағалау саласындағы инновациялар, мектепте жайлы орта құру, инклюзивті және дербестендірілген оқыту, цифрлық мұғалімнің миссиясы және білім беру процесіне жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ басқа да жаһандық педагогикада сұранысқа ие басымдықтар бар.
Білім берудің әртүрлі тақырыптары бойынша секциялық отырыстардың тұтас сериясы өткізілді. ҚостанайлықNISделегация құрамында директор орынбасарлары Рашит Тәтімбеков пен Амир Ажмухамбетов, сондай-ақ пән мұғалімдері Ботагөз Жайылғанова, Әйгерім Хайдарова, Арайлым Сарина, Марал Әліқұлова, Гүлмира Қонспаева, Борис Зеленов секциялық жұмыстарда зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Секциялық жұмыстардың модераторы ретінде мектеп директоры Гульнара Дусказиева жұмыс жүргізді.
Панельдік пікірталастар мен секциялық отырыстардың ауқымды топтамасы мұғалімнің кәсіби капиталына, ең алдымен, тікелей оның тәжірибесін көрсететін «Action Research» және «Lesson Study» зерттеуіне арналды.
ҚостанайдағыNIS директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Амир Ажмухамбетов «Білім беру бағдарламасын реформалау аясында мұғалімдердің жаңартылған педагогикасының тәжірибесі: Қазақстанның екі жалпы білім беретін мектебінің кейс-стадисы» тақырыбында баяндама жасады. Оның зерттеулері қала және ауыл орта мектептеріндегі білім беру бағдарламасын реформалау аясында жаңартылған педагогика саласындағы мұғалімдердің нақты тәжірибесі туралы жан-жақты түсінік алуға бағытталған.
– Зерттеу нәтижесі қала мектептері мен ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің реформамен енгізілген жаңартылған педагогиканы қолдануда бай тәжірибе жинақтағанын көрсетті. Кейбір мұғалімдер жаңартылған білім беру мазмұнына теріс көзқарас танытқанымен, олардың көпшілігінің көзқарасы мен қабылдауы оң. Соған қарамастан, мұғалімдер жаңартылған оқу бағдарламаларын, жаңартылған бағалау тәжірибесін, оқудың оқушыға бағытталған тәсілдерін өздерінің контекстік шындықтарында көбірек қолдануға тырысуда, – деді Амир Ажмухамбетов.
«Цифрлық мұғалім: қайта жүктеу» атты секциясында информатика пәнінің мұғалімі Борис Зеленов жұмыс істеді. Ол жерде «Бағдарламалау қиын!» деген мифтерді жоюшы рөлін атқарды. Мұғалім нақты уақытта бағдарламалау маңызды дағдыларды: логикалық ойлауды, алгоритмдік ойлауды, кез келген жаста маңызды және қолжетімді болатын жұмсақ дағдыларды дамытатынын дәлелдеді. Ал содан кейін ол бастауыш мектепте бағдарламалауды зерттеу тәсілдерін қалай ұйымдастыру керектігі туралы тұжырымдаманы ұсынды. Соның салдарынан әр тыңдаушы үшін «Бағдарламалауда жас шектеулері бар» деген миф жойылды.
«Сөзден – іске» шеберлік сағаттарында қазақтың ұлы ұстаздарының шығармашылық мұрасы басты тақырыпқа айналды. Олардың танымал туындыларының қазіргі білім ошақтарындағы сұранысы жайында «Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін бастауыш сыныптарды оқытуда қолдану» атты шеберлік сағатын дайындаған Білім беру бағдарламалары орталығының өкілдері Қаламқас Байтенова, Перизат Биғазина, Жанат Қажығалиева баяндады.
«SHARE» халықаралық жобасын Кембридж университетінің профессоры Колин Маклафлин таныстырды. Ол – NIS-тің барлық дерлік конференциясына қатысып келе жатқан басты тұлғалардың бірі.
Он жыл ішінде дәстүрлі NIS конференциясы әлемдік білім берудегі жаһандық трендтер бойынша стратегиялық шешімдердің талданатын және қабылданатын ең беделді халықаралық алаңдардың бірі ретінде танылды.