Ажар ҒИНИЯТ: “Пандемияға дейінгі көрсеткішке жетуге тиістіміз”
Күрделі жөндеу соңы ұзақ сот процесіне ұласып кеткен Қостанай облыстық балалар ауруханасы келер жылдың бірінші жартыжылдығында қайта пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін, ӨКҚ алаңында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың қатысуымен өткен брифингте мәлім болды.
Ажар Ғиният журналистердің сұрақтарына жауап беріп, аталған істің мән-жайына қанық екенін, кеше ауруханаға барып, басшылықпен сөйлескенін тілге тиек етті. Сондай-ақ жөндеу мәселесі қазір облыс деңгейінде шешіліп жатқанын айтты.
Нысан 90% дайын. Мердігер мен тапсырыс беруші арасындағы дау жөндеуді кешеуілдетіп тұр. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов осы жылдың соңына дейін ЖСҚ түзету жүргізілетінін, ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жөндеу жұмыстары аяқталатынын мәлімдеді.
Брифингте министр Қостанайға келу мақсатын айтып, президент жүктеп отырған тапсырмаларға тоқталды.
«Медициналық көмектің сапасын жақсарту, тұрғындарға шұғыл және сапалы, уақытылы қызмет көрсету қашанғы басты міндетіміз болып қала бермек. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жасалған еді. Жоба аясындағы негізгі іс-шаралар санитариялық-эпидемиологиялық қызметті, фармацевтика саласын жандандыруға және көпшілікті саламатты өмір салтына үгіттеуге арналып отыр», – деді Ажар Ғиният.
«Медициналық көмектің сапасын жақсарту, тұрғындарға шұғыл және сапалы, уақытылы қызмет көрсету қашанғы басты міндетіміз болып қала бермек. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жасалған еді. Жоба аясындағы негізгі іс-шаралар санитариялық-эпидемиологиялық қызметті, фармацевтика саласын жандандыруға және көпшілікті саламатты өмір салтына үгіттеуге арналып отыр», – деді Ажар Ғиният.
Министр сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде аурулардың алдын алуға мән берудің қаншалықты маңызды екенін еске салып, нормативтік құжаттарды жетілдіру үшін ұсыныстар енгізуге шақырды.
«Аса көп қаржыландыруды қажет ететін жоғары технологиялық және стационарлық көмектің көлемі қанша жерден артса да, біз негізгі созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулардың алдын алумен байыпты айналыспайынша, елеулі нәтижелерге қол жеткізе алмаймыз. Ел дәрігерлерінің қажырлы жұмысының арқасында биыл біз жалпы өлім-жітімнің алдыңғы екі жылмен салыстырғанда 22% азайта алдық. Бұл іске ерекше назар аударып, пандемияға дейінгі кезеңнің көрсеткіштеріне қайта жетуге тиістіміз», – деді А.Ғиният.
Бұдан әрі ол өңірдің медицина жұртшылығын ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі жобаның негізгі міндеттері, елдегі онкологиялық көмекті дамыту бағдарламасы, оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабардар етті. Сонымен қатар, медицина кадрларын әлеуметтік қолдау, жалақыны көтеру мәселелеріне жеке тоқталып, дәрігерлер мәртебесін және медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін арттыру жөніндегі заң жобасы жөнінде айтты.