Депозиттен 10 млн теңге ұрлады

Қостанай ауданы Заречный кентінің тұрғыны аңғалдығы кесірінен әп-сәтте қыруар қаржысынан айырылды.
Оған алаяқтар банк қызметкері болып хабарласып, әлдебір қосымшаны телефонына жүктеуді сұраған. Қаскүнемдердің нұсқаулығын бұлжытпай орындаған ол он миллион теңгесінен қағылыпты.       
Олар маған «алаяқтар сіздің депозитіңізден ақша ұрламақ» деп айтып, қосымшаны жаңартуым керек екенін ескертті. Олардың осылайша телефоныма кіруге мүмкіндік алғандарын білмедім. Депозиттен ақша жоғалғанын көрген бетте полицияға хабарластым, – дейді 60 жастағы жәбірленуші.
Жедел тергеу іс-шаралары барысында ақша басқа банктің шотына, одан кейін басқа адамдардың карталарына аударылғаны анықталды. Банк шотының иелері елдің екі аймағының тұрғындары болып шыққан.
«Полицейлер мен банк қызметкерлерінің жедел әрекеті арқасында алаяқтар қаражатты толық көлемде қолма-қол ақшаға айналдыра алмады.  Елорда тұрғынының шотынан олар ақшаны шешіп алған, ал картаны астаналық ұзақ уақыт пайдаланбаған.   Қалған сома Өскемен қаласының тұрғынының шотына аударылған, ол өзінің "делдал" болғанын біле сала, ақшаны бірден қайтарып берді, – дейді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Зардап шеккен тұрғынға ақшасы толық көлемде қайтарылған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓