Мерейлі мереке
Алда келе жатқан Республика күні Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданды. Тәуелсіздік күні елді әлемдік қоғамдастықтың дербес мүшесі деп жариялаған "ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң қабылданған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы тарихи күнмен байланысты. 1990 жылғы 25 қазанда Жоғарғы Кеңес Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылдады. Декларацияның айрықша рөлі Қазақстан алғаш рет өзін әдетғұрыптары, салтдәстүрлері мен болашағына деген көзқарасы бар бірегей аумақтық субъект ретінде жариялады. Қостанай облысында бұл мереке қалай аталып өтеді? Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов баяндап берді.
Мерекенің жалпы идеологиясы татулық пен қайырымдылық. Еліміз бойынша «Жанашыр жүрек» акциясы бастау алмақ. Акция аясында жағдайы төмен жандарға көмек көрсетіледі. Онымен қатар туған жерге жанашыр болған ел азаматтарын дәріптеп, көпшілікке үлгі тұту. Оған біздің өңірде қолға алынып жүрген «Көрекейе бер, Қостанай» бастамасы аясында жүзеге асқан 53 жоба мысал бола алады.
– Осы жоба аясында қаражат бөлініп, мектептер жөнделіп, көпбалалы отбасыларға үй алынды, са-ябақтар жөнге келіп, әлеуметтік нысандар жаңғырды. Әр аудан-қалада «Таза табиғат» экологиялық акциясы өтеді. Бүгіннен бастап бұл іске кірісіп те кеттік. Ағаштар отырғызылып, айналамызды көркейтуге үлес қосамыз. Білім ошақтарымен біріге отырып, түрлі экскурсиялар өтеді. Орталық алаңда көрмелер өтіп, мерекелік концерт болады. Бүркіт мерекенің басты символы, еркіндік пен патриотизмді білдіреді, – дейді басқарма басшысы М.Жұрқабаев.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, мереке идеологиясына сәйкес облыста және жалпы мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдарын құрметтеу өтеді. Ауыл еңбеккерлеріне, Әулиекөл ауылында үй салуға қатысқан құрылысшыларға құрмет көрсетіледі. Сонымен қатар, Республика күнінде үкіметтік наградалармен, грамоталармен салтанатты марапаттау болады. Сондай-ақ, облыстың үздік шығармашылық ұжымдары мен орындаушыларының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.
– Мерекеге сай ғылыми-танымдық және мәдени-ағартушылық шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәдени ошақтарда елдігіміздің тарихынан сыр шертетін танымдық шаралар өтеді. Біздің өлкемізден шыққан атақты тұлғалардың мерейтойына орайластырылған әдеби кештер өз легімен өте бер-мек. Мәдени шаралармен қоса қайырымдылық бастаулар да қолға алынбақшы, – деді Ерлан Қалмақов.