Қоныс тойы көбейді

Қыркүйек айында тұрғын үй нарығындағы мәмілелер 1,6% артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабар таратуда.

2022 жылғы қыркүйекте тұрғын үйді сату-сатып алу бойынша 36 241 мәміле жасалды, оның ішінде жеке үйлер – 8 905, көппәтерлі үйлер – 27 336. Тамыз айымен салыстырғанда (35 686) баспананы сату-сатып алу 1,6% артты. Мәмілелер саны бойынша әлі де Астана (6 347) мен Алматы (6 342) қалалары көш бастап тұр. Жылжымайтын нарықтағы ең аз келісімшарт Ұлытау облысында жасалған – 372.

Қостанай облысына келер болсақ, қыркүйек айында 1 204 баспана саудаланған. Оның 368-і жеке сектордан болса, 836-сы көпқабатты үй пәтерлері. Бір бөлмеліден 302 пәтер, екі бөлмеліден 336, үш бөлмеліден 161, 4 бөлмеліден 35 пәтер саудаланған. Қазіргі уақытта, облыс орталығында баспананың әр шаршы метрінің 400 мың теңге шамасында бағаланып отырғанын айта кеткен жөн.

Жалпы, ел тұрғындарын көбіне көпқабатты үйдегі баспана қызықтырады. Қыркүйек айында олар бойынша барлығы 27 336 мәміле жасалды, бұл жалпы көрсеткіштің 75,4%. ​

Бөлмелер санына келсек, қатарынан екі ай бойы 1 бөлмелі пәтерлер көп сатылған. Қыркүйек айында бір бөлмелі 10 163 пәтер ресімделді, олар бойынша сауданың 55,4% Астана және Алматы қалаларына тиесілі. Екі бөлмелі пәтер бойынша 10 083 мәміле жасалды.

2022 жылдың тамызымен салыстырғанда жеке үйлерді сату көрсеткіші төмендеген. Төмендеу динамикасы Қызылорда (-26,7%), Алматы ( -12,3%) және Батыс Қазақстан облыстарында(-11,3%) байқалды. Жеке үйлер саудасының өсімі керісінше, Шымкент қаласында (+11,6%), Ақтөбе (+9,8%), Шығыс қазақстан (+9,6%), Жамбыл (+7,9%) және Павлодар облыстарында (+8,5%) тіркелді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓