Жиын-терім жайына қалды
Өңір кәсіпкерлері арасында туындап отырған дау-дамай кесірінен 70 млн теңгеге бағаланған картоп өнімі үсіп кетудің алдында тұр.
Қостанай ауданындағы "Садовод" ШҚ басшысы облыстық кәсіпкерлер палатасына жерге талас мәселесін реттеу туралы шағым айтты. Виктор Симоненко бос жатқан жерге 30 жыл картоп еккен. Алайда, көп ұзамай жер телімінің иесі табылып, кәсіпкерді алқаптан күзетшісімен қосып қуып шығыпты. Бұлар қызылкеңірдек болып, айтысып-тартысып жүргенде шыққан өнім жиналмай жатыр.
«6 тамызда Заречное ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының өкілі бұл алқапты өздеріне рәсімделгенін айтып келді. Бастапқыда алқаптан 160 тонна картоп беруді талап етті. Кейін жер телімдерін пайдаланғанымыз үшін қомақты қаржы төлеуді міндеттеді. Енді олар әлгі жерге күзет қойып, шыққан өнімімізді қазып алуға мұрсат бермей отыр», – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Оның айтуынша, қарсы тарап дау-дамайды картопты жинап алғаннан кейін шешу ұсынысына көнбей отыр. Ал облыстық Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Владимир Шакун бұл түйткілдің шешімі қаржыға келіп тірелетінін айтып отыр.
"Заречное" ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы 9 млн теңгеден астам ақша талап етіп отыр. Бұл жер телімін пайдаланғаны үшін төленетін орташа мөлшерлемеден 36 есе жоғары. Не де болса төлем мәселесін жиын-терімнен кейін шешуге болар еді. Енді екі жақтың бір мәмілеге келе алмауынан, бар картоп үсіп кеткелі тұр. Бұл тығырықтан шығар жол емес, – дейді кеңес төрағасы.
Ал станция басшысы Рүстем Молдатаев істі сотта қарау керек деген ой айтады.
«Басқа біреудің мүлкін тартып алу орынсыз. Біз де шығынға ұшырадық. Олар алқапты парға қалдырғысы келеді. Яғни, келесі жылдың жоспары бұзылды. Ешкім ештеңе екпейді. Егер мен сіздің бақшаңызға келіп, көкөніс отырғызсам, содан кейін өз шартымды қойсам қалай қабылдар едіңіз, бұл да сол сияқты жағдай, – дейді Рүстем Молдатаев.
Ақыры тараптар ымыраға келе алмады. Ендігі мәселені сот қарауы ықтимал.