“Қостанай аруы” байқауындағы шу: Ұйымдастырушы өз нұсқасын айтты
Шешім қайта қаралмайды. Сұлулар сынында жеңімпаз атанған бойжеткен қалай болғанда да ұлттық байқауда Қостанайдың атынан шығады.
"Қазақстан аруы" ұлттық байқауының облыстық кезеңі 9 қазан күні өткен еді. Соңғы айналымда 17-25 жас аралығындағы 14 қыз бақ сынасып, жеңіс Нина Доброжан есімді аруға бұйырған. Бірақ жеңімпазды әділ қазылардың таңдамағаны белгілі болды. Сұлулар сынына төрелік еткендердің бірі — облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мұндай тосын жағдайды күтпегендерін айтты.
"Кез келген байқаудағыдай бір фавориттің болатынын түсінеміз. Бірақ біздің үстімізден шешім шығарылады деп ойламап едік. Байқау аяқталып, кеңесу бөлмесіне кіргенімізде ұйымдастырушылар бізге жеңімпаздың атын атады, – деді Е.Қалмақов.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылар қазылардан 2-орын иегерін анықтап беруді ғана сұраған. Бұл қойылымға үзілді-кесілді қарсылығын білдірген ол, шешімді күтпей, іс-шарадан кетіп қалған.
"Мен де қорытынды жарияланар кезде сахнаға шықпадым. Егер шешім шығарылып қойған болса, бізді қазылыққа не үшін шақырған? "Қостанай аруы" байқауының айналасында осындай әділетсіздікке жол берілгені өкінішті-ақ", – дейді "ARTIST" студиясының жетекшісі Айсұлу Тұтқышева.
Бір өкініштісі, көпшілік жұрт байқау қорытындысына әділ қазылар алқасын кінәлаған.
"Байқаудың қорытындысы туралы ақпараттардың астына жазылған пікірлерден жұрттың "қазылар шешіміне" наразы болып жатқанын көреміз. Бұл — орынсыз сын. Өйткені мұндай шешімді біз емес, ұйымдастырушылардың өздері қабылдады", – дейді қазылар мүшесі, ЖРО жетекшісі Абай Дүйсеков.
Осы жағдай туралы «Қостанай аруы» сынының продюсері Карина Теклюк пікір білдірді. Оның айтуынша, үміткерлерді бағалау кастинг кезінен басталғандықтан, Нина Доброжан бірнеше кезең аясында басым ұпай иеленген.
"Қазыларға жеңімпаз бір күндік сынақ арқылы анықталмайтынын ескерткенбіз. Финалға дейін шығармашылық, спорттық, қайырымдылық жасау секілді кезеңдер болды. Барлығында да тиісті бағаларын алып отырды. Жиынтық ұпай нәтижесі солай болды", – дейді ұйымдастырушы.
Ол әділ қазылардың барлығы бірдей наразылық білдірмегенін, бұл шешімге қолдау танытқан төрешілердің бар екенін айтты. Сондай-ақ, жеңімпаздың ұлтын сөз етіп жатқан жұртшылықтың сынына да жауап берді.
"Нинаның орыс екенін жазып жатқандар көп. Негізі, оның ұлты молдован. "Қазақстан аруы" – белгілі бір ұлттың байқауы емес. Ал біздің қаладағы сұлулар сыны ұйымдастырылу жағынан өзге өңірлерден әлдеқайда жоғары тұрады", – деді продюсер.