Балаларға қуаныш сыйлаған
Биыл Қостанайда әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі өткен болатын. Оған облыстағы үкіметік емес ұйымдар қатысып, өз жобаларын қорғады. Солардың арасында Жітіқарадағы "Лидер" жастар қоғамдық бірлестігі "Қуаныш министрлігі" мобильді еріктілер театрын құру жобасын ұсынып, шағын грант иесі атанды. Бұл іс-шараны Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды. Бірлестік жетекшісі Сәбира Өтешеваның айтуынша, ондағы мақсат – өскелең "қуыршақтардың" қатысуымен еріктілер мобильді театрының қойылымдарына актерлер мен көрермендер қатыстыру арқылы балаларды әлеуметтендіру үшін жағдай жасау. Әрі театрландырылған қойылымдар мен мәдени-бұқаралық іс-шаралар ағартушылық қызметті жүзеге асыруда, әлеуметтік саралауды теңестіруге зор мүмкіндік береді.
-Қазіргі уақытта балалардың коммуникативті дамуы алаңдатады. Өкінішке қарай, теледидар мен компьютер, әртүрлі компьютерлік ойындар қарым-қатынасты, ойын әрекеттерін және көшеде серуендеуді алмастыра бастады. Балалар ересектермен ғана емес, бір-бірімен де қарым-қатынасты үзіп алды. Тек, кәдімгідей қарым-қатынас балалардың өміріне қуаныш сыйлайды. Мұны ешқашан естен шығармауымыз керек. Қазіргі кездегі өзекті мәселе – баланың эмоционалды-рухани мәні екінші құндылыққа ауысуы. Олар барған сайын немқұрайлылыққа салынып барады. Ештеңеге құлық қоймайды. Театр, мейірімді ертегі кейіпкерлері арқылы өскелең ұрпақты достық пен өзара көмек, сенім мен жанашырлыққа, салауатты және үйлесімді тәрбиеге баулуға болады,-дейді "Лидер" жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сәбира Өтешева..
"Қуаныш министрлігі" мобильді волонтерлік театры " жобасы толыққанды отбасы жағдайындағы балалардың интернатта тұратын мүмкіндіктері шектеулі балалармен, қиын өмірлік жағдайға тап болған, баспанасы жоқ отбасылардан шыққан балалармен өзара іс-қимылының күрделі әлеуметтік, психологиялық, адамгершілік міндеттерін кешенді түрде шешуге бағытталған. Адамгершілік-этикалық нормаларды әзірлеу, қиын жағдайға тап болған көршісіне көмектесуге деген ұмтылыс, ерекше қоғам мүшелеріне қатысты толеранттылықты дамытуға серпін береді.
Сәбира Бөкенбайқызының айтуынша, әлеуметтік жағдайы жақсы балалармен іс-шараларға қатысу, тең дәрежеде қарым-қатынас орнату, басқа әлеуметтік тәжірибе алу мүмкіндігі, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіну мүмкіндігі, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылардағы балалардың әлеуметтік шиеленістерден арылту қажырлы еңбекті қажет етеді. Қуыршақты – мобильді театр студиясын құру мақсатты аудитория үшін іс-шараларды сапалы жаңа деңгейде жалғастыруға мүмкіндік береді.
Жобаны қолға алған бес ай ішінде рухани және мәдени құндылықтарды арттыруға мүмкіндік беретін бес қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастыру көзделген.
-Жоба шеңберінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 150 баланы, қиын өмірлік жағдайға тап болған және Жітіқара ауданында тұратын отбасылардан шыққан балаларды, "Қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы" КММ-ден 25 баланы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған "Күндізгі орталықтан" 25 баланы, №9 мектеп – интернатынан 30 баланы, аудан орталығына жақын ауылдарынан 30 баланы, қала мектептерінен 40 баланы қамту жоспарланды,-дейді жоба жетекшісі.
Облыстық әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінің грантын жеңіп алған "Қуаныш министрлігі" мобильді еріктілер театры есепті кезеңге дейін бірнеше жобаны іске асырды. Мәселен, олар шілде айында "Жітіқара ауданының Жастар ресурстық орталығы" КММ қызметкерлерімен бірлесіп Забеловка ауылының жастарымен кездесу ұйымдастырды. Сол жолы балаларға арналған "еңбекқорлық" тақырыбында қайырымдылық спектакль әзірледі.
-Бұдан бөлек, тамыз айында біздің театр "Жітіқара ауданының Жастар ресурстық орталығы" КММ жанындағы "Лидер" ЖҚБ еріктілері 6 шағын ауданның балаларына "достық және еңбекқорлық"тақырыбында қайырымдылық спектакль-іс-шара ұйымдастырды. Бағдарламаға музыкалық мотор ойындары, бет бояуы және командалық ойындар енгіздік. Сондай-ақ, қыркүйекте "Лидер" ЖҚБ еріктілері Тоқтаров ауылының жастарымен кездесті. Балалар балаларға арналған "Ерік-жігер мен мейірімділік" тақырыбында қайырымдылық спектакль ұсындық. Мұндай ауқымды іс-шаралар қыркүйек, қазан айларында да өткізілді,-дейді жоба жетекшісі.
Сәбира Бөкенбайқызының өзі мемлекеттік жастар саясаты мен еріктілер қозғалысын іске асыруға бағытталған аудандық, облыстық және республикалық іс-шаралардың белсенді қатысушысы. Ол облыс бойынша 2019 жылдың "үздік еріктісі" атанды. Елбасының Алғыс хатына ие болған. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан "Жомарт жүрек" сыйлығын алды. Басқа да марапаттары бар. Бір сөзбен айтқанда, Сәбира Өтешева өз ісінің білікті маманы. Ол "Лидер" жастар қоғамдық бірлестігі қолға алған жоба өзін толық ақтағанын айтады. "Мұндай шаралар бүгінгі қоғамға, әсіресе, жас өскін балаларды ой-өрісін дамытуға таптыртпайтын құрал". Оған Жітіқара аудандық ішкі саясат бөлімінің жанындағы "Жастар ресурстық орталығы" мекемесі де зор үлес қосты,-дейді "Лидер" ЖҚБ жетекшісі.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Жітіқара ауданы
Суреттер қоғамдық бірлестік мұрағатынан алынды.