Балабақшаларға қойылатын талап күшейтілді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттен тапсырыс алатын балабақшаларға қатысты жаңа бұйрық шығарғанын айтты. Онда бұған дейін қойылған талап күшейтілген, деп хабаралайды Экспресс К
Министрдің айтуынша, енді мемлекеттік тапсырыс балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған жаңа ережелер бойынша орналастырылады. Яғни алғашқы өзгеріс — мемлекеттік тапсырыс алғысы келетін барлық балабақшаға қосымша талаптардың енгізілуі. Олар:
  • Өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Сондай-ақ дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет;
  • Міндетті түрде бейнебақылау камераларын орнату;
  • Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдай жасау;
  • Балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі;
  • Балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау;
  • Медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету.
Екінші жаңашылдық — мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне қойылатын талаптардың күшейтілуі. Енді тәрбиешілердің балалармен жұмыс істеуі үшін тиісті біліктілігі немесе білімі болуы қажет.
Үшінші өзгеріс балабақшадағы орын санына байланысты. Бұрын білім басқармалары мемлекеттік тапсырысты жариялаған кезде белгілі бір балабақшаға нақты орын санын көрсетсе (мысалы, "Балбөбек" — 100, "Еркетай" — 100 орын дегендей), енді барлық талапқа сәйкес келетін балабақшалар мемлекеттік тапсырыс алатын ұйымдардың жалпы тізбесіне енгізіледі. Содан кейін ата-аналардың өздері балабақшаға жолдама алған кезде осы тізімнен нақты балабақшаны таңдай алады. Яғни қанша ата-ана балабақшаны таңдаса, сол орындарға сәйкес қаржыландыру балабақшаға түседі.
Төртінші, мемлекеттік тапсырысты алу үшін құжаттар саны қысқартылды. Егер бұрын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар көп құжатты ұсыну қажет болса, енді тізім 4 құжатқа дейін қысқартылды. Қалған құжаттар ақпарат жүйелерінен алынады. Сондай-ақ, орын мәселесінде электронды түбіртектер енгізіледі. Бұл шара "жалған орынға" айналған тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Яғни мектепке дейінгі ұйым балалардың саны сәйкес келмесе де, жалған орын жасап, бұрынғыдай қаржы ала алмайды.
Мұнан кейінгі өзгерістердің бірі — өтініштер мен барлық құжатты комиссияның міндетті түрде бейне және аудиожазбамен қарауы. Бұл жаңашылдықтар жең ұшынан жалғасуды азайтып, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың ашықтығын қамтамасыз етпек.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓