Есеп-қисап әлемінде
"Қостанай дарыны" өңірлік ғылыми-практикалық орталығы дарынды, қабылетті оқушыларды ерте анықтау, қолдау және дамытуды қамтамасыз ету мақсатында 6-8 сынып оқушылары арасында математика, биология, физика пәндері бойынша облыстық олимпиада өткізді.
Орталық мамандарының айтуынша, олимпиада өткізудің басты міндеті, ең алдымен талапты оқушыларға оңтайлы жағдай жасау, орта буын оқушыларының жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін зерделеуге, теориялық білім мен практикалық іскерліктің тереңдетілуіне қызығушылығын арттыру, талапты да дарынды баланың тұлғалық өзін-өзі іске асыруға көмек беру және облыстың оқушылар олимпиада құрамасының резервін қалыптастыру. Білім сайысына облысымыздың әр өңірінен алпыс екі оқушы қатысты. Оқушылар олимпиада барысында өздерінің білімдерін жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша қаншалықты білетіндіктерін көрсете білді. Әрине, әр пәннен есеп шығару да оңай емес-ті. Сол себепті де сайыс болған соң жеңіс те, жеңімпаздар да болары анық. Қазылар алқасының шешімі бойынша барлығы он төрт оқушы же-ңімпаз атанды. Оның алтауы биология, бесеуі математика, үшеуі физика пәнінен. Олардың қатарында Жандос Шегенов, Дарья Плющева, Елнұр Жұматев, Диас Жолдыбаев, Мадияр Айдаболов, Владислав Конников сынды оқушылар бар. Олимпиадада Қостанай, Рудный қалаларының мектеп-гимназиясы мен лицейлерінің, ал, аудандардан Федоров пен Алтынсарин аудандары мектептерінің оқушылары ерледі.
Гүлназым
САҒИТОВА