Жетім көрсең, жебей жүр Заречный кентіндегі іс-шара көптің есінде қалды
Таяуда облыс имамы Асылхан қажы Мұханбетжанұлының тікелей ұйымдастыруымен Қостанай ауданы Заречный орта мектебінде көңілді сайыс ұйымдастырылды.
Қостанай ауданы Затобол кентінің бас имамы Азамат Мырзақанов белсенділік танытты. Ол балаларға қосылып, ойынның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Онда көптен келе жатқан ұлттық асық ойыны және шағын футболдан жарыс өтті.
Осы жұртшылықтың көңілінен шыққан спорттық жарыстан кейін балаларға халал дәмханасының иесі Фаттах мырза дастарқан жайып, ас берді. Дастарқан басында ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан Мұханбетжанұлы балаларға мұсылманша тамақ ішу әдебін, мұсылманша жаңа жылдың басталғандығы және қасиетті Ашура күні туралы жан-жақты айтып берді.
Астан соң өздеріне көрсетілген құрметке балалар Фаттах мырзаға өз ризашылықтарын білдірді. Одан кейін олар облыстық "Марал ишан" мешітіне келіп, имандылық орнына саяхат жасады.
Өкіл имам Асылхан қажы Мұханбетжанұлы мешіттің тыныс-тіршілігімен толық таныстырды. Саяхат барысында жасөспірімдер жан-жақты мәлімет алды. Бас имам балаларға бата беріп, аруақтарға құран бағышталды.
Осындай бүлдіршіндерге ғибраты мол іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жетім балалар тұрақты назарда болмақ.