Сұраныстағы мамандық
Қазір жол саласында маман тапшы. Атап айтсақ, құрылыс инженерлері, инженер-сметашы, зертханашылар, асфальт-бетон төсеушілер, білікті механизаторлар керек. Сонымен қатар, геодезия, картограф мамандар, метеорологтар, механиктер, жол шеберлері жетіспейді. Сондықтан «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының басшысы мен мамандары Қостанай қаласының бірнеше оқу орындары мен білім ордаларын аралап, мектеп оқушыларына ақпарат берді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
"Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп бар, әр мектептен 1-2 баладан үгіттеп, жолшы маманын дайындасақ, 10 жылда бұл саладағы маман тапшылығы мәселесі шешіледі", – дейді орталық мамандары. Айтуларынша, жол саласындағы мамандардың жалақысы жоғары әрі әрдайым сұранысқа ие. Өйткені елімізде жыл сайын мыңдаған шақырым автомобиль жолдары салынады немесе жөнделеді. Бұл мамандыққа мемлекеттік тапсырыс көлемі де аз емес. Мәселен, былтыр құрылыс жұмыстары мамандығына – 2800, электр энергетикасы және автоматтандыруға – 2200, автокөлік құралдары мамандығына – 700, көлік қызметі – 600, материалтану және технологиялар мамандығына – 300, жалпы жол саласына қатысты мамандықтарға 9570 грант бөлінген.
"Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл жай күнелту, тамақ асыраудың жолы ғана емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кейбір жастар мамандық таңдау ережесін білмегендіктен, өзі қызықпайтын кәсіпті таңдайды. Осыдан өз мамандығына қанағаттанбаушылық, реніш сезімдері болып, тіпті келешекке жоспар құрғысы келмейді. Әрбір адам өзін-өзі дамыта алу үшін білім алып, сол біліміне сай мамандыққа машықтану керек", – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының басшысы А.Алшынбаев кездесулердің бірінде.