Театр тарланына тағзым

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында белгілі режиссер, «Қазына» сыйлығының иегері, марқұм Жамбылбек Есенбековті еске алу кеші өтті. Тағзым ету іс-шарасы театрдың ашылған күніне орай ұйымдастырылды. Себебі, осыдан тура 22 жыл бұрын, 2000 жылы 14 қыркүйекте Қостанайда облыстық қазақ драма театры «Абылайхан» тарихи драмасымен шымылдығын түрген еді. Оның премьерасына сол кездегі мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев та қатысқан болатын.Іс-шара театр музейін аралаудан басталды. Бұл мұражайда тұңғыш көркемдік жетекшіге арналған мүйіс бар. Онда ол сахналаған спектакльдердің афишалары, марапаттары, тұтынған бұйымдары қойылған. Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бас маманы ұжымды атаулы күнмен құттықтап, алдағы 23-маусымды бастағалы отырған ұжымға табыс тілеп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, театрдың негізін қалаған Жамбылбек Есенбековтің ерен еңбегін еске алды. Марқұмның өмірлік серігі, өнердегі тірегі болған жары Айсәуле Есенбекова Жамбылбек Игілікұлының жастық шағы туралы баяндады.Одан әрі театрдың шағын залында Айсәуле Әбдешқызымен сұхбат өрбіді. Кездесуді әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абылай Мауданов жүргізіп отырды.
"Егер көзі тірі болғанда Жамбылбек Игілікұлы биылғы 10 қыркүйекте 81 жасқа толар еді. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Жаңа ұжымды жасақтауда жұбайым өлшеусіз тер төкті. Өзіне артылған сенімді артығымен ақтады. Алматыдан 22 студент әкеліп, жер-жерден танымал артистерді шақырды.Олардың жағдайын жасауға баса назар аударды. Нәтижесінде мықты труппа құрылды, заманауи театр бой көтерді. Алғашқы спектакльді де өзі сахналап, көрерменнің оң бағасын алды. Ол баптаған шәкірттер бүгінде елімізде кеңінен танымал", – деп атап өтті Айсәуле Есенбекова.Кешке жиналған театрдың аға буын өкілдері Жамбылбек Есенбекұлының кең жүректі азамат, дарынды режиссер, шебер ұйымдастырушы болғанын әңгімеледі. Ол сахналаған спектакльдердің көптеген фестивальдерде жүлделі орындар алғанын айтып, азаматтық келбетін, тұлғалық болмысын сөз етіп, шынайы лебіздерін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Оразалы Жақсанов театр тарланының артистердің танылуына ерекше қамқорлық көрсеткеніне баса назар аударды. Ал, Қостанай облыстық филармониясының әншісі Манапбек Кәдір салған сағынышты әндерді көрермендер көзге жас алып тыңдады.Кеш соңында театр актрисалары  Ақдәмен Досанова мен Зәмзәгүл Бегайдаровалар Жамбылбек Есенбеков қойған спектакльдергі әндерден үзінділер орындалды.
«Жамбылбек Игілікұлы Қостанай театры үшін алтын әріппен жазылған есім. Театрдың құрылғаннан алғашқы жеті жыл  «Жамбылбектің жаңа дәуірі», «Жамбылбек қалаған ұжым», «Жамбылбек жасаған» деген атаулармен тарихта қалды. Өзі негізін қалаған театры тарланын ұмытпайды. Бүгінгі кешке қатысып, жүрек жарды лебіздеріңізді білдірген баршаңызға мың алғыс. Ағаның рухы шат болсын!», – деп тағзым кешін түйіндеді жүргізуші.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓