Жарылыстан жапа шеккендер 2 млн теңгеден алды
Қостанай қаласындағы "Оружейная палата" дүкенінде болған жарылыстан зардап шеккен отбасыларға 2 млн теңгеден берілді. Бұл –қарапайым халық пен кәсіпкерлер қайырымдылық қорына жинап берген қаражат. 6 қыркүйекте «Suiіkti Qostanai» ҚҚ қала әкімдігімен бірлесіп, өрттен зардапқа ұшыраған қостанайлықтарға көмектесу үшін есепшот ашқан еді. Бір аптадай уақытта 4 755 260 теңге жиналды. Ақша мұқтаж жандарға теңдей бөлініп берілді.
Қор директоры Асқар Жабаевтың айтуынша, жарылыстан құрбан болған жандардың отбасына қосымша 300 мың теңгеден төленген.
"Баспаналары өртеніп кеткен және бизнесіне нұқсан келген адамдар 3 555 260 теңгені бөлісті. Нақтысында, төрт отбасы 888 815 теңгеден алды. Бұл сома шығынды толық жаппас, бірақ бұл жерлестерінің шын пейілмен жасаған жәрдемі", – дейді қор басшысы.
Мұның сыртында, жапа шеккен отбасылар мемлекет тарапынан 220 мың теңгеден алды. Сондай-ақ әулиекөлдік және қарасулық тұрғындарға көмектесу үшін ашылған «Қайырымдылық KZ» қорынан да бұларға 1 млн теңгеден берілді. Бас-аяғы, жарылыстан зардап тартқан отбасылар 2 млн теңгеден астам қаржыға ие болып отыр.