Өтемұратов қоры жүз отбасыға миллион теңгеден үлестірді
Әулиекөл және Қарасу аудандарында үйлерінің түгі қалмай өртеніп кеткен тұрғындарға Болат Өтемұратовтың "Көмек картасы" жобасы аясында 1 млн теңгеден берілді.
("Азаттық" сайтынан)
Нақтырақ айтқанда, Аманқарағай, Озерное және Люблинка ауылдарының 100 жанұясы қаржылай көмекке ие болды. Үлестірілген жалпы сома – 100 млн теңге. Бұл қаражат жапа шеккен тұрғындарға алғашқы кезекте қажеттілігі бар тауарлар сатып алуларына және жаңа үйлер құрылысы аяқталғанша жайлы тұрмыспен қамсызданулары үшін берілді. Ауқатты азаматтың қамқорлығына бөленіп, қомақты қаржыға ие болған тұрғындардың қайырымды жандарға алғыс жаудырып отыр.
«Мен Аманқарағайда әйеліммен, сегіз және үш жасар екі баламен тұрдым. Туыстарым отбасыларымен көршілес тұрды. Бір күнде барлық үш үй өртеніп кетті. Қазір біз қайын енемнің үйіне көшіп келдік, әзірше осында боламыз. Бір сәтте бәрін жоғалтқандықтан, кез келген көмекті аса ризашылықпен қабылдаймыз. Біз тек балалардың киімдерін және құжаттарымызды алып үлгердік. Күн суытқанға дейін жылы киім сатып алып, балаларды қайтадан мектепке даярлап үлгеруіміз керек”, – дейді жергілікті тұрғын Алексей Аткин.
Айта кетейік, мұның сыртында Болат Өтемұратовтың қоры Әулиекөл аудандық ауруханасы жанынан инсульттік орталық құруға 1 млрд теңге қаржы бөлген еді.