Тіл сауаттылығы қаншалықты деңгейде?
«Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын ұйымдастыру және өткізу аясында 7 қыркүйек күні қазақ тілінде жалпықазақстандық ашық диктант өтті. Бұл шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы, мәдениет басқармасы және өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болып отыр. Мақсаты – ел азаматтарының ана тілімізді меңгеру деңгейін арттыру.«Мемлекеттік тілді меңгеру біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам екенін жастардың санасында орнықтыру, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және оның қоғамдық маңызын арттыру, тілді меңгеру арқылы жастарға қазақстандық қоғамда өз орнын табу мүмкіндігін көрсету және жалпы сауаттылықты арттыру», – дейді ұйымдастырушылар.Өзіміз диктант жазу шарасына куә болған орнымыз – «Тілдарын» облыстық тілдерді дамыту орталығы. Мұнда негізінен орталықтың тыңдаушылары ана тілімізде қате жазбауға тырысып бағуда. Диктанттың биылғы тақырыбы «Ахмет Байтұрсынұлы – дәуірдің дара тұлғасы». Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп жатқан көркем жазудың негізгі мазмұнына Алаш көсемінің өмірбаяны, қайраткерлігі мен шығармашылығы арқау болыпты.«Бес жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараның жыл өткен сайын ауқымы артып келеді. Биыл мыңға жуық тыңдаушымыз бағын сынады. Біздің орталықта ана тілі курсына қатысып жүрген бюджет саласының, Қостанай қалалық прокуратурасының қызметкерлері сауаттылығын тексеріп жатыр. Оларға диктант болатыны туралы алдын ала ескерілді», – «Тілдарын» облыстық тілдерді дамыту орталығы басшысының орынбасары Гүлнар Талапова.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ