Жүрегімізге дастан жазған

Ұлағатты ұстаз, майдангер Кәләм Байназаров туралы сөз
Калам БайназаровАлдағы желтоқсан айының 3-і жұлдызында ұлы ағартушы Ыбырай атамыздың белгілі  ізбасарларының бірі – Кәләм Байназарұлының туғанына 100 жыл толады.  Ағайымыздың рухы риза болсын, екінші жағынан кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, естелік болсын деген ниетпен қолға қалам алуға тура келді. Оның бүкіл өмір жолы Меңді-қара педагогика училищесімен байланысты болды.
Біз оқуға түскен 1951 жылы педучилищенің директоры Жұмағали Дәненов болатын. Соғысқа дейін өңірімізге танымал 1931-1933 жылдары Қостанайдағы педтехникумда мұғалім, 1933-1935 жылары №1 балалар үйінің меңгерушісі, 1937 жылы Ақтөбе мұғалімдер институтын, кейін А.С.Пушкин атындағы Орал пединститутын сырттай оқып бітірген. Меңдіқара, Тобыл мектептерінде директор болып істеген. 1941 жылы соғысқа аттанып, қан майданнан аман-есен елге оралады.
Қарап отырсаң, майдандас қос жауынгер Жұмағали мен Кәләм ағайлардың өмір жолдары  тағдырлас. Бірі педучилищеге директор, екіншісі оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Кәләм ағай соғысқа аттанғанда сол қызметте болатын.
Қасиетті де киелі білім ордасы, «Ұстаздар» ұстаханасы атанған оқу орнын Кәләмсіз елестету, еске алу мүмкін емес. Өйткені ол кісінің өнегелі-саналы өмір жолы ұстаздық қызметі оқу орнының тарихымен сабақтас, біте қайнасқан. Тапжылмастан бір жерде табаны күректей 35 жыл тер төккен,ал жалпы білім саласына 45 жыл ғұмырын арнаған. Педучилищені 1947 жылы бітіріп шыққан атақты тарихшы-ғалым Манаш Қозыбаев Кәләм ағайды «Меңдіқара педучилищесінің Ыбырайы»,  – деген екен.
Мейірімді жүзі шуақ шашып, шәкірттерінен жан жылуын аямаған ұстазымыздың өмірбаянынан деректер беріп кетсем, Кәләм Байназарұлы Меңдіқара ауданы бертіндегі Теңіз ауылдық кеңесіне қарасты Теңіз көлінің шығыс жағындағы Сарықамыс елді мекенінде 1914 жылдың желтоқсан айының 3-і жұлдызында дүниеге келген. Әкесі Байназар орта шаруа иесі. Көшебенің Байдәулет тармағынан.  Бес жасында әкеден жетім қалып, әкесінің ағасы Ғабдолланың (Қабдеш) қолында, тәрбиесінде болады. Жастайынан тәртіпті, тәрбиелі, еңбекқор болып қалыптасты.
1929-1931 жылдары Қостанайдағы қазақ педтехникумында оқиды. Тұрмыстың қиындығынан әрі қарай оқуын жалғастыра алмайды, еңбекке ерте араласуға тура келеді. 1931-1933 жылдары Ұзынкөл ауданының Балықты ауылдық кеңесінде хатшы болып істейді. 1933 жылдан бастап Ал-ғабас, Бірлестік, Көктерек мектептерінде мұғалім болады.
1939 жылы 1 тамызда аудандық оқу бөлімі Боровскойдағы қазақ орта мектебіне ауыстырады. осы жылдар аралығындағы Ақтөбе мұғалімдер институтының физика-математика факультетін  сырттай оқып бітіріп шығады.
Кәләм Байназарұлы 1940 жылдың 7-ші шілдесінде Боровое кентіндегі қазақ орта мектебінің негізінде ашылған Меңдіқара қазақ педагогикалық училищесінің оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы жылы ВКП (б) мүшелігіне қабылданады.
1942 жылдың 3-і шілдесінде Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Орал әскери округінің запастағы атқыштар бөлімінде штабта писарь, 1943-1944 жылары Ф.Энгельс атындағы Ленин-град Қызыл тулы әскери-саяси училищесін бітіріп шыққаннан кейін  атқыштар батальонында саяси жетекші парторг, кейін 1-Прибалтика және Ленинград майдандарында тікелей соғыс шебінде болады.
1945 жылдың маусым айынан 1946 жылдың қыркүйегіне дейін  Прибалтика әскери округінің 270-і артиллериялық бригаданың саяси бөлімінің инс-трукторы болады. Соғыс кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және бірнеше жауынгерлік медальдармен наградталады.
1946 жылдың күзінде  капитан шенінде елге аман-есен оралып, бірден осы жылдың 1-қыр-күйегінде бұрынғы қызметі педучилищенің оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. Челябі мемлекеттік педагогикалық институтын сырттай оқып бітіреді.
Кәләм Байназарұлы соғыс басталардан 2-3 жыл бұрын отбасылы болған. 1941-1946 жылар аралығында ағайдың қайын жұрты Шаяхметовтер отбасы Әлмамбет ағай (Көпжасар Шаяхметовтің ағасы) әке-шешесімен біздің ауылда мұғалім болды. Әке-шешелерінің жасырақ, тың кездері. Осы жылдары Қанша апай кішкентай қызымен төркінінде болды (соғыстан елге орал-ғанша). Сол кездегі кішкентай қыз алғашқы түлек-тердің (педучилищенің) естелігінде айтылатын жұмысбасты әкесіне түскі тамақ апарып беретін тұла бойлары тұңғыш қызы Күләш болатын.
Екінші бір айта кететін жәйт – сәйкестік Кәләм ағайдың өзімен бірге туған апасы Қасымжан да 1945-1950 жылдары ауылда бізбен көрші тұрды. Қыздары Ғайша Хажиева, Ғалима Бектұрова (бірі әкесіне, екіншісі атасына жазылған) мектепте мұғалім болып істеді. Ғайша апай қазақ тілінен, кейін бастауыш  сыныптарда, Ғалима бастауыш сыныптарда (Ғалима Ғажықызы Аманкелді-Торғай атырабына аты мәлім болған, киелі кәсіп – ұстаздықтың шырқау биігіне шыққан, мәртебесі жоғары, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы орденімен марапатталған, жолдасы жерлесіміз Жәкен Хасенов болатын). Ал Ермаш Бектұров болса 1944 жылың күзіне таман ауылдан соғыс-қа аттанған 1926 жылы туған 7-8 жігіттің бірі болатын. Соғыстан кейін жоғары білімді ұстаз, ауданымыздағы балалар үйінің директоры болған. Бұл аяулы жандардың түп нағашысы Кәләм болса, өздерінің әулеті де текті, тегін болмаған. Қажы Бектұров кезінде Омбының мұғалімдер семинариясын бітірген, репрессияға іліккен. Аталары да ертеде Қазан, Уфа қалаларында діни білім алған, мешіт ұстаған. (Теңіз-Қантомар ауылының тумалары, Жиенбай әулетінен).
Осындай қилы да қиын кезеңдерден сүрінбей өткен, қан майданнан аман-есен елге оралған майдангер-жауынгер ұстаз өзі туған  жерінің ел-жұртының адал перзенті екенін таныта білді, үлгі бола білді. Шәкірттері бізге Кәкеңнің жүріс-тұрысы, бар болмысы, пайым-түсінігі, кісілігі-кішілігі – бәрі-бәрі өнеге болды десек артық айтқандық емес.
Қайырымдылығы мен иманжүзділігі әлі есіміз-де. Дауысын көтергенін,  қабағын шытқанын көрмедік десе де болады.
Біз оқуға түскен жылы ҚазПИ-ді үздік дипломмен бітірген, ұлты татар Орал облысының тумасы бізге география мен биологиядан, кейін педагогика мен тарих пәндерінен сабақ берді, Кәләм ағай туралы: «Оқыта жүріп, өзім де көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Талай жас  мұғалімдер оның әдістемелік шыңдалу мектебінен өтіп, ұстаздықтың қыр-сырына осында қанықты. Мұндай ұлағатты ұстаз, абзал азамат еңбек еткен ұжымда осалдық таныту мүмкін емес еді», – депті.
Оқу орнында 1964-1976 жылдары директор  болған И.И.Струтовский өз орынбасары Кәләм туралы: «В те времена на заместителе директора лежала масса обязанностей. Он настолько стал неотъемлемой частью коллектива, что порой казалось невозможным без него само существование училища».
Досмағұл Сүймеков – Кәләм Байназарұлының бір кездегі шәкірті.  Қостанай пединститутының физика-математика факультетін тәмамдағаннан кейін 1963 жылы училищеге қайта  оралды. Іскер, елгезек жан қатардағы мұғалімдіктен 1974 жылы алдымен педучилище директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1976 жылдан ширек ғасыр-ға жуық училищенің директоры болып жемісті еңбек етті. Досмағұл Еслямұлы өзінің тәлімгер ұстазын өз әріптестеріне, шәкірттеріне үлгі-өнеге ете білді, үнемі пір тұтты, ұжымның мұрагері бола білді. Сондықтан да болар, училище кеншілер қаласына қоныс аударғанда аудан орталығы Боров-скойдағы сауықтыру  мектеп-интернатында директор болып істеп, зейнеткерлікке шыққан ұстазына 1997 жылы қатардан қалмай әлі де  істей тұруына мүмкіндік жасап, білгендік танытты. Бірақ көп істей алмады (екі жылдай ғана). Соңғы кезде денсаулығы сыр бере бастаған майдангер-ұстаз 1979 жылдың қараша айының 10 жұлдызында 65 жасында өмірден озды.
Туған жерінің, елінің адал перзенті атанған, ешқашан бармын деп тасымаған, жоқпын деп жасымаған, ештеңеге қызықпаған, барға қанағат еткен жанның көрер қызығы әлі алда еді, қартайып тұрған жоқ еді. Тағдырдың жазуы солай дегеннен басқа не айтасың.  Ал Кәкеңнің жолдасы Қанша апай болса кезінде ағайдың жағдайын жасап, қас-қабағына қарап, тіршілікте жақсы жар, сыйлы жолдас бола білді. Отбасы дәстүрін берік ұстаған, ұрпағын ұлағат тұтқан жандар еді. Қанша апай 1996 жылдың жазында фәни дүниеден бақилыққа аттанды.
Ұрпақ сабақтастығында өмір заңды жалғасын табуда. Асқар таудай әкенің даңқты жолын, отбасының берекесі бола білген ана жолын ұлдары мен қыздары үлгілі жалғастыруда. Бәрі де жоғары білімді, әр салада еңбек етеді. Абай (үлкен ұлы) Қостанай теміржол бөлімшесінде жауапты қызметте, Алтай – заңгер, Теміртау қаласында. Бақытжамал болса Жамбыл облысында, басқа қыз балалары Астана қаласында тұрып жатыр.
Ұлағатты ұстаз, жерлесіміз Кәләм Байназар-ұлының туғанына 100 жыл толуына байланысты есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында ынталы-бастамашыл топ өкілдері билік басындағы-ларға мынадай өтінішпен шыққалы отырмыз: «Меңдіқара ауданы орталығы Боровской кентіндегі Первомай орта мектебіне Кәләм Байназаровтың атын беру».
Алдағы 2015 жыл – Ұлы жеңісіміздің 70 жылдығы қарсаңында  майдангер ұстаз ретінде де бұл ұсыныс оң шешімін табады деген ниеттеміз.
Елтай МАМАНОВ,
қарт ұстаз.
Қостанай қаласы.
Кәләм  БАЙНАЗАРОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓