Балғындарға сый-сияпат жасады
Жаз маусымының алғашқы күні, яғни 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Өкінішке қарай, балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты мереке биыл карантинге байланысты кең көлемде аталып өткен жоқ. Дегенмен, балалардың көңілін көтерер сый-сияпат жасау шаралары жалғасын табуда. Мәселен, бүгін Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Альмира Жансүгірова да жылдағы дәстүр бойынша аудандағы көп балалы отбасыларға көмек көрсетті.
-Кез-келген ел болашағын өскелең ұрпағымен байланыстырады. Біз де балаларымыз үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Әрине, жас буынға қамқорлық жасау дәл бүгінгі мерекеде ғана ескерілетін шаруа емес, ол барлық уақытта да қоғамның назарында болатын маңызды міндет. Қазіргі еліміздегі карантиндік жағдай әсіресе ойын балаларына оңайға тиіп жатқан жоқ. Онсызда төртінші тоқсанды төрт қабырғаға қамалып өткізген балаларымыз бүгінгі мерекелерін де жылдағыдай кең көлемде атап өте алмады. Дегенмен, мұның бәрі уақытша қиындықтар ғой, ең бастысы балаларымыз аман болсын. Жылдағы дәстүр бойынша бүгін біз ауданымыздағы көп балалы отбасыларға азық-түлік пен тәттілер таратып, бүгінгі мерекеде бүлдіршіндеріміздің көңілін табуға тырысып жатырмыз. Алдағы уақытта көп балалаы отбасылардың балаларын Науырзым қорығына саяхатқа жіберуді де жоспарлап отырмыз, – дейді Альмира Бағитқызы.
Жаксы